Басты жаңалықҚоғам

Жүзге жуық жұмысшының жеке дерегі тарап кеткен

Абай облысы Курчатов қаласындағы балабақшаның жүзге жуық қызметкерінің жеке деректері ашық интернетке тарап кетті, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Желіде жұмысшылардың сауалнамалық мәліметтері ғана емес, жеке сәйкестендіру номері мен өзге де аса құпия ақпараттары қорғаусыз қалған.

Азаматтар жайлы ақпараттың таралуына салғырттықтың салдары себеп болғаны анықталды. Мекеменің 75 қызметкерін мерзімді медициналық тексеруден өткізу үшін мемлекеттік сатып алу порталына байқау жарияланған. Алайда, құпиялылықты жіті қадағалауы тиіс жауапты мамандар өз міндетіне атүсті қараған. Олар жүйеге тіпті қызметкерлердің жеке куәлігіндегі мәліметтерге дейін жайып салған.

Аталған заңсыздық әшкереленген бойда байқаудың күші дереу жойылды. Ал қарамағындағылардың қауіпсіздігіне бас-көз бола алмаған балабақша басшысына жарты миллион теңгеге жуық айыппұл төлеу міндеттелді.

Еркебұлан Қожанбаев Абай облысы прокуратурасының ресми өкілі

Кінәлі лауазымды тұлға Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 79-бабы 2-бөлігі, «Қазақстан Республикасының дербес деректер және оларды қорғау туралы» заңнамасын бұзу бойынша 432 500 теңге мөлшерінде айыппұл салумен әкімшілік жауаптылыққа тартылды, – деді Абай облысы прокуратурасының ресми өкілі Еркебұлан Қожанбаев.

Ал Курчатов қаласы білім бөлімінің мәлімдеуінше, балабақшадағы жауапты қазметкерлерге қатысты қызметтік тексеріс жүргізіліп, кінәлілер тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Қазір құжаттарды жарияламас бұрын оларды тексеруге жауапты тұлға тағайындалып, мемлекеттік сатып алу порталында ақпараттың орналастырылуына бақылау күшейтілген.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button