Кения астанасында Қазақстанның елшілігі ашылады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кения Президентімен шағын және кеңейтілген құрамда келіссөз жүргізді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Найроби Африкадағы халықаралық орталық ретінде танылғаны мәлім. Онда БҰҰ жүйесіндегі ұйымдар орналасып, тұрақты жұмыс істеп келеді. Осыған байланысты Қазақстан Найробиде елшілік ашу туралы шешім қабылдаған болатын, – деді Қазақстан Президенті.
Уильям Руто Кения Қазақстанды сауда мен инвестицияны дамытудағы маңызды логистикалық хаб ретінде қарастыратынын атап өтті. Кения Қазақстан арқылы негізгі ауылшаруашылық өнімдерін Еуразия нарығына экспорттауға ниетті.
Тараптар сауда-саттық, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика, тау-кен өндірісі, жаңартылатын энергия көздері, ақпараттық технологиялар, электрондық үкімет, ғарыш, қаржы және туризм секілді салаларда серіктестікті нығайту перспективасын талқылады.
Мемлекеттер басшылары мәдени-гуманитарлық бағытта жоғары оқу орындарының арасында тығыз байланысты жолға қоюға, туризм бастамаларын өзара қолдауға және биоалуантүрлілікті сақтау ісінде тәжірибе алмасуға мүмкіндік мол екенін атап өтті.

Айта кетейік, бүгін елімізге Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Кения Республикасының Президенті Уильям Руто мемлекеттік сапармен келді. Тәуелсіздік сарайында елімізге мемлекеттік сапармен келген Кения Президентін ресми қарсы алу рәсімі өтті. Іс-шара барысында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Уильям Руто бір біріне ресми делегация мүшелерін таныстырды. Құрмет қарауылы ротасының бастығы рапорт берген соң екі елдің әнұрандары шырқалды.
Жанель Жанболатқызы



