Қоғам

Өскеменде туристерді алдаған алаяқ қайтадан 5 жылға сотталды

Шығыс Қазақстан облысының орталығы Өскемен қаласында туристерді алдап, миллиондаған теңгесін қалтасына басқан азаматқа қатысты сот үкімі қайта қаралды. Ол жасаған қылмысы үшін толық мерзімін түрмеде өтейтін болады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Облыстық прокуратураның мәлімдеуінше, күдікті арнайы туристік фирма құрып, тұрғындарға Біріккен Араб Әмірліктері, Түркия және Мысыр (Египет) сияқты танымал елдерге өте тиімді, арзан бағада саяхаттауды ұсынған. Оның бұл жарнамасына сеніп қалған 13 азамат жалпы сомасы 20 миллион теңге қаражатын алаяқтың қолына ұстатқан. Алайда, уәде етілген демалыстың орнына тұрғындар не ақшаларын, не жолдамаларын ала алмай сан соғып қалды.

Бірінші сатыдағы сот азаматты аса ірі мөлшерде алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасын кескен болатын. Кейінірек апелляциялық сот бұл шешімді өзгертіп, оған рахымшылық жасау туралы заңды қолданады да, жаза мерзімін 4 жылға дейін қысқартып жібереді.

Бірақ іс мұнымен біткен жоқ. Сот актісінің заңдылығын қайта тексеру барысында апелляциялық сатының рахымшылық заңын негізсіз және бұрыс қолданғаны әшкереленді. Әділдікті қалпына келтіру мақсатында прокурор кассациялық наразылық түсіріп, апелляциялық сот қаулысының күші жойылды.

Еламан Есқали ШҚО прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және аппеляциялық сатыға қатысу басқармасының прокуроры

Сот актісінің заңдылығын тексеру барысында рахымшылық заңының дұрыс қолданылмағаны анықталды. Прокурордың кассациялық наразылығы бойынша аппелациялық сатыдағы соттың қаулысы өзгертілді. Бас бостандығынан айыру жазасы 5 жылға ұлғайтылды, – деді ШҚО прокуратурасының Мемлекеттік айыптауды қолдау және аппеляциялық сатыға қатысу басқармасының прокуроры Еламан Есқали.

Енді сотталушы заңмен бекітілген бес жылын темір тордың арғы жағында өткізетін болды. Прокурорлар азаматтарға әлеуметтік желілер арқылы туристік жолдамаларды сатып алу кезінде сақ болуға шақырады.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button