Қоғам
Нотариус жеке дерегіңізді қараса, телефонға SMS келеді

Қазақстанда азаматтардың жеке деректерін қорғау күшейтілмек. Енді нотариус сіздің мәліметтеріңізді тексерген бойда телефоныңызға бірден SMS-хабарлама жолданады. Бұл туралы Әділет вице-министрі Ботагөз Жақселекова мәлімдеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Жаңа жүйе Бірыңғай ақпараттық жүйені жаңғырту аясында іске қосылады. Мәжіліс депутаты Айна Мусралимова нотариустардың азаматтардың мекенжайы, мүлкі, отбасылық жағдайы және туыстық байланыстары сияқты аса маңызды ақпараттарды көре алатынын айтып, деректерді заңсыз қарағандарға қандай жаза бар екенін сұраған болатын.
Вице-министрдің айтуынша, бақылау өте қатаң болады:
- Лицензиядан айыру: Егер нотариус қызметтік мүмкіндігін асыра пайдаланып, азаматтың дерегін заңсыз қараса немесе жеке мақсатына қолданса, оның лицензиясы тоқтатылады немесе мүлде қайтарып алынады.
- Маңызды: Жаңа жүйе іске қосылғаннан кейін, нотариус сіздің жеке карточкаңызды ашқан сәтте телефоныңызға бірден хабарлама түседі. Бұл деректердің ашықтығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
Minut.kz



