Заңсыз алтын қазғандар ұсталды

Шығыс Қазақстанда заңсыз алтын қазғандардың қылмыстық әрекеті әшкере болды. Күршім ауданы, Маралды ауылында төрт адамнан тұратын топ ұсталды. Олардың арасында шетелдік азамат та бар, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Алтын іздеушілер дәл қазып жатқан жерінде тұтқындалды. Ұсталғандардың бірі елімізде заңсыз жүрген Өзбекстан Республикасының азаматы болып шықты.
Бағалы металл іздеушілер ең соңғы үлгідегі арнайы техникалар мен өте қымбат спутниктік байланыс құралдарын емін-еркін пайдаланып келген.
Қазір заңсыз кәсіп қылғандардан шынжыр табанды ауыр экскаватор, автокөлік, мотоцикл мен жер қойнауын тінтетін қымбат металл іздегіш құрылғылар тәркіленді. Бұл техникалардың барлығы айғақ зат ретінде алынды.

Аталған қылмыстық іс бойынша Қылмыстық Кодекстің 295-бабы 1-бөлігімен қылмыстық іс қозғалған болатын. Және қазіргі уақытта істің барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған жедел тергеу іс-шаралары жүргізілуде, – деді ШҚО прокуратурасы басқармасының прокуроры Айбек Аманалы.
Жанель Жанболатқызы



