Шомылу маусымы басталмай жатып 3 адам суға кетіп мерт болды
Шығыс Қазақстан облысында шомылу маусымы ресми түрде ашылмай жатып, қайғылы жағдайлар тіркеле бастады. Мамыр айының өзінде өңірде 3 адам суға кетіп, мерт болды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, бұл оқыс оқиғаларға жағажайдағы қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтамау себеп болған. Былтырғы статистика да көңіл көншітпейді. Өткен жылы арнайы қойылған ескертулерді елемеген 10-ға жуық демалушы «тілсіз жаудың» құрбанына айналған еді.
Қайғылы жағдайлардың алдын алу үшін биыл өңірде ТЖД-ның 5 құтқару бөлімшесі күшейтілген режимде жұмыс істейді. Алдағы уақытта Өскемен қаласы, Алтай және Самар аудандарында ауқымды рейдтік шаралар ұйымдастырылады. Рейдке тартылатын күштер:
- ТЖМ-нің №68303 әскери бөлімінің 2-ші құтқару батальоны;
- Полиция қызметкерлері;
- Жергілікті атқарушы органдардың (ЖАО) өкілдері;
- Еріктілер.
Мамандар су айдындарындағы қатты ағыс пен жасырын шұңқырлар өмірге аса қауіпті екенін алға тартып, тұрғындарды тек арнайы жабдықталған шомылу орындарын таңдауға шақырады. Тәртіпке бағынбай, тыйым салынған жерге шомылғандар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы ҚР Кодексінің мына баптары бойынша жауапқа тартылады:
- 364-бап: Жалпы су пайдалану ережелерін бұзу.
- 412-бап: Су айдындарындағы қауіпсіздік ережелерін бұзу немесе орындамау.
Шомылу маусымы қарсаңында балалардың өмірін қорғауға ерекше екпін беріліп отыр. Қазіргі уақытта облыс мектептерінде интерактивті сабақтар ұйымдастырылып, арнайы нұсқаулықтар мен түсіндірме бейнероликтер белсенді түрде таратылуда.
Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы су ресурстарына өте бай өңір. Мұнда жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асатын 800-ге жуық өзен мен 1000-ға жуық көл бар. Бұл көрсеткіш әрбір азаматтан су үстінде еселенген жауапкершілікті талап етеді.
Айсу Кенжебекқызы



