Өскеменде ерекше балаларға арналған спартакиада басталды

Өскеменде ерекше қажеттіліктері бар балалар арасында ауқымды инклюзивті спартакиада өтіп жатыр. Шараның басты мақсаты – ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қолдау көрсетіп, қоғамда инклюзия мәдениетін дамыту және салауатты өмір салтын насихаттау, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Спорттық мерекенің ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Азамат Апахаев, «Казцинк» компаниясының өкілі Андрей Лазарев және жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова қатысып, балаларға сәттілік тіледі.

Бүгін көпшілігіңіздің толқып тұрғандарыңыз анық. Дегенмен, сіздердің ең үлкен қолдаушыларыңыз – ата-аналарыңыз бен жақындарыңыз. Олар – сіздердің басты жанкүйерлеріңіз. Сіздердің қолдарыңыздан бәрі келеді! – деді Ольга Рыпакова балаларға жігер беріп.
Іс-шара Өскемен қаласы әкімдігінің қолдауымен және «Niet.Woman» әйелдер бастамаларының қауымдастығы» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен өтуде. Шараның бас демеушісі – «Казцинк» компаниясы.
Жарысқа ерекше балалар, олардың ата-аналары және қалалық түзету мен оңалту орталықтарының мамандары қатысты. Барлығы 9 команда командалық эстафета, қысқа қашықтыққа жүгіру, арқан тартыс, армрестлинг және ләңгі тебу сынды спорт түрлерінен бақ сынасады.
«Казцинк» компаниясының әкімшілік жөніндегі басқарушы директоры Андрей Лазарев бұл шараның маңыздылығына тоқталып, мұндай инклюзивті бастамалар қалада игі дәстүрге айналатынына сенім білдірді.
Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы



