Өскеменде жаңа Ата заң жобасы талқыланды

Өскемендегі Оқушылар шығармашылық сарайында өңірлік коалиция мүшелері ұжыммен кездесіп, жаңа Конституция жобасына енгізілген негізгі реформаларды талқылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Өңірлік коалиция өкілі Шынар Бақытханқызының айтуынша, жаңа құжат мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, билік пен қоғам арасындағы байланысты күшейтуге бағытталған.
Талқылау барысында тұрғындар үшін маңызы жоғары бірнеше негізгі бағыт аталды:
- Экология және жауапкершілік: Жаңа заң жобасында қоршаған ортаны қорғау талаптары қатайтылмақ. Әрбір азамат экологияға жауапты болады, ал табиғатқа зиян келтірген лауазымды тұлғалар қатаң жауапкершілікке тартылады.
- Бір палаталы Парламент («Құрылтай»): Басты жаңалықтың бірі – қос палаталы жүйеден бір палаталы Парламентке көшу. Тарихи атаумен ұштасқан «Құрылтай» заң шығару ісіне азаматтардың тікелей қатысуына жол ашпақ. Заңдардың сапасына қатысты барлық жауапкершілік осы біртұтас органға жүктеледі.
- Неке және әйелдер құқығы: Ата заңда неке — мемлекет тіркейтін ер мен әйелдің тең құқықты одағы ретінде бекітіледі. Бұл норма қыздарды алып қашу және еркінен тыс некеге мәжбүрлеу сияқты заңсыздықтардың алдын алуды көздейді.
Бүгінде әлеуметтік желілерде түрлі алыпқашпа әңгімелер мен жалған ақпараттар жиі тарайды. Сондықтан біз азаматтарға нақты ақпарат беріп, барлығын жан-жақты түсіндірдік, – деді Шынар Бақытханқызы.
Кездесу соңында шығармашылық ұжым жаңа заң жобасын бұған дейін де зерделегендерін айтып, маңызды саяси науқанда өз таңдауларын жасауға дайын екендіктерін жеткізді.
Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы



