Спорт

Өскемендік әскерилер қазақ күресінен үздік шықты

Өскеменде Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты әскери бөлімдер арасында қазақша күрестен дүбірлі жарыс өтті. Боз кілемде Павлодар, Семей, Курчатов және Өскемен қалаларынан келген 7 әскери бөлімнің балуандары 7 салмақ дәрежесінде бақ сынасты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

«Шығыс» өңірлік қолбасшылығының спорт бөлімінің бастығы, майор Нұрсұлтан Мырзабековтің айтуынша, шараның басты мақсаты – ұлттық спортты насихаттау. Қазақша күрес жауынгерлердің төзімділігін, шапшаңдығы мен ептілігін арттырып, сын сағатта тез шешім қабылдауға баулиды.

Үш күнге созылған тартысты бәсекенің нәтижесінде командалық есеп бойынша жүлдегерлер анықталды:

  • І орын: 5518 әскери бөлімі (Өскемен) – бас жүлдені қанжығаға байлады;
  • ІІ орын: 5511 әскери бөлімі (Семей);
  • ІІІ орын: 6699 әскери бөлімі (Өскемен).

Жеңімпаздарды кубок, диплом және бағалы сыйлықтармен марапаттаған өңірлік қолбасшы, генерал-майор Арман Жұмағалиев салауатты өмір салтын серік еткен ұландықтарға сәттілік тілеп, ұлттық спортты қолдаудың маңыздылығын атап өтті.

Осы сында оқ бойы озық шыққан үздік балуандар іріктеліп алынды. Енді олар маусым айында Тараз қаласында өтетін Ұлттық ұланның бас чемпионатында «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының намысын қорғайды.

Аймөлдір Қарқын, Назарбаев Зияткерлік мектебінің түлегі

Басқа жаңалықтар

Back to top button