Казцинктегі жарылысқа қатысты тың дерек айтылды

Өскемендегі «Казцинк» зауытында болған жарылысқа қатысты тың дерек айтылды. Апаттың алдын ала себебін Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов жариялады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Министрдің мәлімдеуінше, алдын ала нұсқа бойынша жарылысқа өндірістік технологияның бұзылуы себеп болуы мүмкін. Қазіргі уақытта оқиға орнында арнайы мамандар жұмыс істеп жатыр. Нақты себепті анықтау үшін бірнеше сараптама мен зерттеу жұмысы тағайындалды.
Шыңғыс Әрінов бұған дейін кәсіпорында қауіпсіздік талаптарына қатысты Жабдықтардың тым ескіруі, техникалық құжаттардың бекітілген талаптарға сәйкес келмеуі және өндірістік бақылаудың өте әлсіз деңгейде болуы секілді бірқатар заңбұзушылықтар тіркелгенін жеткізді.
Еске сала кетейік, 5 мамыр күні «Казцинк» зауытының аумағында шаң жинау құрылғысы жарылып, артынша өрт тұтанған болатын. Сондай-ақ соққы толқынынан ғимараттың бір бөлігі қирап қалды. Қайғылы апат салдарынан 3 адам қаза тауып, бірнеше жұмысшы түрлі жарақаттар алды.
Қазіргі уақытта тергеу амалдары Төтенше жағдайлар министрлігінің жіті бақылауында. Кінәлілер мен апаттың түпкілікті себебі сараптама қорытындысынан кейін белгілі болады.
Жанель Жанболатқызы



