Басты жаңалықБілім

«Bizdiń Óskemen QUIZ» маусымының чемпиондары анықталды

Шығыс Қазақстан облысының орталығында интеллектуалды қозғалыстың көрігін қыздырған «Bizdiń Óskemen QUIZ» жобасының 2025-2026 жылғы маусымы өз мәресіне жетті, деп хабарлайды Minut.kz.

Білім мен жылдамдық, логика мен тапқырлық сыналған айтулы жобаның финалдық кезеңі тартысты әрі тартымды сәттерге толы болды. Жыл бойы іріктеліп, үздік шыққан 20 мықты команда қорытынды ойында бас қосып, бас жүлде үшін аянып қалған жоқ.

Қорытынды сессияның сұрақтары бұл жолы ерекше күрделі әрі қызықты болды. Тарих, мәдениет, логика мен заманауи трендтерді қамтыған кезеңдерде командалар соңғы секундтарға дейін ұпай үшін күресті.

Ешкімге дес бермей, қарсыластарын шаң қаптырған «Тас-талқан» командасы финал жеңімпазы атанды. Жоғары дайындық пен ұйымшылдық көрсеткен «Апыр-топыр» командасына 2 орын бұйырды. Тәжірибесі мен білімін ұштастыра білген «Бұқар жырау» ұжымы үздік үштікті түйіндеді.

Ал маусым қорытындысы: Тұрақтылық пен Сәттілік

Зияткерлік квиз ойындарында тек бір кеште жеңіске жету жеткіліксіз, маусым бойы тұрақты жоғары нәтиже көрсету – нағыз шеберліктің белгісі. Сондықтан ұйымдастырушылар жыл бойы жиналған ұпайлардың жалпы қорытындысын жариялады. Маусым бойы үздік ойын өрнегін көрсетіп, тұрақтылық танытқан командалар қаржылай сыйлықтармен марапатталды. 1 орын иеленген «Бұқар жырау» командасы маусым чемпионы атанып, бас жүлдеге ие болды. «Kelisipalayq» командасы 2 орын, «IQайла» командасы 3 орынды иеленді.

Бұл жеңіс біз үшін үлкен мәртебе. Маусым бойғы еңбегіміз ақталып, бас жүлдені иелендік. Бұл біздің бір жылдық ауызбіршілігіміз бен ізденісіміздің жемісі, – дейді маусым чемпиондары «Бұқар жырау» командасының мүшелері.

Бұл ауқымды жобаның жоғары деңгейде өтуіне мемлекеттік органдар мен жергілікті биліктің қосқан үлесі зор. Интеллектуалды қозғалыстың басты ұйымдастырушысы – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті. Олар осы жоба арқылы өңір жастары мен мамандығы әртүрлі азаматтардың басын қосып, креативті ойлау мәдениетін қалыптастыруды көздеген.

Сонымен қатар, қорытынды ойынның жоғары деңгейде ұйымдастырылуына Өскемен қалалық әкімдігі тікелей ұйытқы болып, жан-жақты қолдау көрсетті. Әкімдік өкілдері мұндай шаралар қаланың интеллектуалды әлеуетін арттырып, сапалы бос уақыт өткізу мәдениетін дамытуға септігін тигізетінін атап өтті.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Bizdiń Óskemen QUIZ» жобасы алдағы уақытта да жалғасын тауып, ауқымын кеңейте түспек. Келесі маусым бұдан да қызықты әрі жаңа форматта өтеді деп күтілуде.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button