Өскеменде 8 сарбаз білім грантына ие болды

Өскемендегі Ұлттық ұланның 5518 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызметін өтеген 150-ге жуық сарбаз елге қайтты. Абай, Жетісу, Павлодар, Түркістан облыстары мен Астана қаласынан шақырылған жауынгерлерді салтанатты түрде шығарып салу рәсімі өтті, деп хабарлайды Minut.kz.
Бір жыл бойы Отан алдындағы борышын мінсіз атқарған сарбаздардың ішінде әскери қызметте үздік нәтиже көрсеткендері алғыс хаттармен марапатталды.
Әскери бөлім командирінің орынбасары, подполковник Серік Ноғаевтың сөзінше, қазіргі таңда сарбаздардың бірқатары болашақ өмірін әскери қызметпен байланыстыруды жөн көрген. 4 сарбаз келісімшарт негізінде әскери қызметін одан ары жалғастыруға шешім қабылдады. 8 сарбаз «Әскери міндеттілер 2.0» цифрлық платформасы арқылы еліміздің жоғары оқу орындарында тегін білім алу мүмкіндігіне ие болды.

Грант иегерлеріне сертификаттары салтанатты түрде табысталды. Солардың бірі – қатардағы жауынгер Мадияр Бекмырза. Ол жақын арада студент атанады. Бағдарлама аясында оған тек тегін оқу ғана емес, шәкіртақы мен жатақханадан орын алу мүмкіндігі де қарастырылған, – деді Серік Ноғаев.
Әскери бөлім басшылығының мәліметінше, бір жылдық қызмет барысында сарбаздар тек әскери даярлықтан өтіп қана қоймай, темірдей тәртіп пен жауапкершілікті бойына сіңірді.

Ендігі кезекте аталған әскери бөлімге Абай, Түркістан, Павлодар және Жетісу өңірлерінен шақырылған жаңа сарбаздар легі келеді деп күтілуде.
Жанель Жанболатқызы



