ШҚО-да жер комиссияларының заңсыз шешімдерінің күші жойылды
Шығыс Қазақстан облысында жер комиссияларының заң талаптарын өрескел бұзып, азаматтарға жер учаскелерін бермей келгені анықталды. Бұл заңбұзушылықтарды Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаменті өңір тұрғындарының шағымдарын тексеру барысында әшкереледі, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Департаменттің ресми мәліметінше, жыл басынан бері жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде 48 қызмет алушының құқығы толықтай қалпына келтірілген.
Ең сорақы заңбұзушылықтардың бірі Марқакөл ауданында тіркелді. Онда жергілікті тұрғындар жеке қосалқы шаруашылық жүргізу үшін жер телімін сұрап өтініш бергенімен, комиссия оларды кері қайтарған. Тексеру кезінде Жер кодексінің талаптары мүлдем сақталмағаны белгілі болды.
Жер комиссиясы қажетті кворум болмаған жағдайда шешім қабылдаған. Заңнамаға сәйкес комиссия мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысуға тиіс болса, іс жүзінде тоғыз мүшенің тек үшеуі ғана қатысқан. Бұдан бөлек, Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекс талаптары бұзылып, тұрғындарға бас тарту туралы шешім шығармас бұрын міндетті тыңдау рәсімі өткізілмеген, – деді Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ШҚО бойынша департаментіні басшысы Ержан Айқымбеков.
Департаменттің араласуынан кейін заңсыз шешімдердің күші жойылып, азаматтардың өтініштері қайта қарауға жіберілді.
Осыған ұқсас жағдай Катонқарағай ауданында да орын алған. Онда шенеуніктер азаматтарға «жер телімдері бос емес» және «жобалау жұмыстары жүріп жатыр» деген сылтаумен жер беруден бас тартқан.
Тексеру бұл негіздердің заңсыз әрі жеткіліксіз екенін дәлелдеді. Нәтижесінде жер комиссиясының шешімі қайта қаралды. Өтініш иелері жер алуға оң қорытынды алды. Заң бұзушылықтарға жол берген жауапты шенеуніктер тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Minut.kz



