ШҚО шетелдік инвесторлармен байланысты нығайтады
ШҚО әкімі бір күнде бірнеше елдің Елшісімен кездесті
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов өңірге жұмыс сапарымен келген Беларусь, Тәжікстан және Грузия мемлекеттерінің Төтенше және Өкілетті Елшілерімен екіжақты кездесулер өткізді. Кездесулер барысында сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Аймақ басшысы ең алдымен Беларусь Республикасының Қазақстандағы Елшісі Алексей Богдановпен жүздесті. Нұрымбет Сақтағанов мәртебелі қонақты өңірде өтетін V халықаралық «Pro Сүт’26» ауыл шаруашылығы форумына қатысуға шақырды.

Өткен жылдың қорытындысы бойынша ШҚО мен Беларусь арасындағы тауар айналымы 9 204 мың АҚШ долларын құрады. Шығыс Қазақстан үшін Беларусьтің ауыл шаруашылығы машиналарын жасау және заманауи техника өндіру саласындағы озық тәжірибесі маңызды.
Биыл тамыз айында ШҚО-ға Беларусьтің Могилев облысы делегациясының ресми сапары жоспарланған. Бұл өңіраралық байланыстарға жаңа серпін бермек.
Облыс әкімі өңірге алғаш рет келген Тәжікстан Республикасының Елшісі Хайрулло Ибодзодамен де кездесті.
Кездесу барысында Елші жылы қабылдау мен қонақжайлық үшін алғысын білдіріп, екіжақты ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктерін сөз етті. Өз кезегінде Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстанның жаңа бастамаларға әрдайым ашық екенін айтып, Тәжікстанмен сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды дамытуға бағытталған жобаларға жан-жақты қолдау көрсетуге дайындығын мәлімдеді.

Аймақ басшысының келесі кездесуі Грузияның Қазақстандағы Елшісі Леван Диасамидземен өтті. ШҚО-ға тұңғыш рет ат басын бұрған Елші түрлі салаларда бірлескен жобаларды қолға алуға ниетті екенін жеткізді.
Кездесуде сауда, экономика, инвестиция, мәдениет және туризм салалары талқыланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысы мен Грузия арасындағы сауда айналымы 2,2 млн АҚШ долларына жуықтаған.
Нұрымбет Сақтағанов Қазақстан мен Грузия арасындағы ынтымақтастықтың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, Елшіге облыстың инвестициялық және экономикалық әлеуетін таныстырды.

Айта кетейік, Шығыс Қазақстан облысы шетелдік серіктестермен байланысты нығайта отырып, аймаққа инвестиция тарту және заманауи технологияларды енгізу бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Елшілермен өткен бұл кездесулер өңір экономикасының әртараптануына жаңа серпін береді деген жоспар бар.
Жанель Жанболатқызы



