Басты жаңалықҚоғам

ШҚО-да тілшілерге пәтер мен жаңа көліктердің кілті табысталды

Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен ерекше форматта құттықтады. Өңір басшылығы ақпарат майданында жүрген тілшілердің еңбегін елеп, оларға бағалы сыйлықтар тарту етті. Салтанатты шара аясында журналистерге жаңа пәтерлер мен қызметтік автокөліктердің кілті табысталды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов ақпарат саласының дамуына үлес қосып, халық пен билік арасындағы алтын көпірге айналған журналистер қауымына алғыс білдірді.

Нұрымбет Сақтағанов Шығыс Қазақстан облысының әкімі

Сіздер күн сайын ел өміріндегі маңызды оқиғаларды халыққа жеткізіп, ақиқаттың ақ жолында аянбай еңбек етіп келесіздер. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев БАҚ-тың қоғамдағы рөлін айрықша атап өтіп, «Елімізге шынайы ақпарат тарататын, халықтың мұң-мұқтажын жеткізетін, елдік мүддені жоғары қоятын кәсіби журналистика қажет» деген болатын. Шығыс Қазақстанның жетістіктерін, нағыз еңбек адамдарының ерлігін, өңірдегі оң өзгерістерді насихаттауда өздеріңіздің үлестеріңіз ерекше. Осы жолда кәсіби шеберлік танытып, қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген барша журналистерге шынайы алғысымды білдіремін! Мереке құтты болсын!, – деді аймақ басшысы.

ШҚО әкімі Н.Сақтағановтың ардагер журналист А.Қасымовты «Құрмет» орденімен марапаттау сәті

Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен ардагер журналист Айтмұхамбет Қасымов «Құрмет» орденімен, «Хабар» агенттігінің телеоператоры Дмитрий Пыхтин «Ерен еңбегі үшін» медалімен наградталды. Бірқатар БАҚ саласының қызметкеріне Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Еңбек ардагері», «Ақпарат саласының үздігі» төсбелгілері, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар табыс етілді.

Бірқатар үздік тілшілер мен операторларға облыс әкімінің арнайы сыйлықтары мен қаржылай сертификаттар табысталды. Салтанатты жиында БАҚ өкілдерінің әлеуметтік жағдайын жақсартуға бағытталған нақты қолдаулар көрсетілді.

Кәсіби мерекенің басты жаңалығы – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, тілшілерге тұрғын үй берілді. «Қазақстан» телеарнасының Шығыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі Олжас Керейхан мен «Altainews» медиа орталығының журналисі Айдос Мырзахметов жаңа пәтерге ие болды.  Көп жыл бойы осы салаға еңбек сіңірген және әлеуметтік қолдауды қажет ететін бірнеше журналистке жаңа пәтерлердің кілті берілді.

Бұған дейін журналистер қауымы, әсіресе жекеменшік БАҚ өкілдері, әлеуметтік қолдау бағдарламаларынан тыс қалып жататын. Соңғы уақытта Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен бұл мәселе оң шешімін тауып, БАҚ қызметкерлеріне нақты көмек көрсетіле бастады. Бұл – бүкіл әріптестеріміз үшін үлкен мүмкіндік пен қуаныш. Өзгелердің мұңын мұңдап, қоғамның айнасы болып жүрген журналистерге осындай қолдау көрсету бізге зор жауапкершілік жүктейді. Бұл сенім бізді жаңа серпінмен еңбек етуге жігерлендіреді, – деп атап өтті Олжас Керейхан.

Сонымен қатар, Ақпаратты жедел тарату  мақсатында «ALTAI» телеарнасына, «Altainews» медиа орталығына және ШҚО Өңірлік коммуникациялар қызметіне бір-бір қызметтік көлік табысталды.

ШҚО әкімі бұл бастама өңірдегі сөз бостандығы мен сапалы журналистиканы дамытуға үлкен серпін беретінін атап өтті. Техникалық базаның жаңаруы мен шығармашылық ұжымдардың әлеуметтік мәселелерінің шешілуі алдағы уақытта сапалы медиа-контенттің көбеюіне септігін тигізбек.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button