ШҚО-да 1,7 мың шақырымнан астам инженерлік желі жаңартылады
Шығыс Қазақстанда 2030 жылға дейін 1,7 мың шақырымнан астам инженерлік желі жаңартылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасының іске асырылу барысы қаралды. Үкімет басшысы биыл республика бойынша 12 мың шақырымға дейін инженерлік желілерді жөндеу жоспарланғанын айтып, жұмыс ырғағын жеделдетуді тапсырды.
Инфрақұрылымды жаңғырту бағытында ауқымды өзгерістер күтіп тұрған өңірлердің бірі – Шығыс Қазақстан облысы.
Шығыс Қазақстандағы негізгі жоспарлар:
2030 жылға дейінгі меже: Облыс бойынша 1,7 мың шақырымнан астам желі жаңартылады. Оның ішінде:
- 1,2 мың шақырым — электр желісі;
- 213 шақырым — су бұру желісі;
- 212 шақырым — сумен жабдықтау желісі;
- 145 шақырым — жылу желісі.
Шығыс Қазақстанда құны 9,7 млрд теңге болатын 6 жоба жүзеге асады. Қазіргі уақытта конкурстық рәсімдер толық аяқталып, мердігерлермен шарттар жасалған. Оның ішінде сумен жабдықтау мен су бұруды автоматтандыруға – 4,8 млрд теңге, су инфрақұрылымына – 3,5 млрд теңге, жылу саласына – 1,4 млрд теңге бағытталды. Жыл соңына дейін жылу саласындағы екі жоба толық аяқталады, ал қалған 4 өтпелі жоба 2027 жылы пайдалануға берілмек.
Келесі кезеңде жалпы құны 68 млрд теңгені құрайтын 26 жоба іске асырылады (14 – жылу, 8 – электр, 3 – су бұру және 1 – Риддер қаласында суды есепке алу жүйесін автоматтандыру). Аталған жобалар қазірдің өзінде электрондық платформаға енгізіліп, келісу рәсімдерінен өтуде.
Аталған жұмыс нәтижесінде инженерлік желілердің тозу деңгейі кезең-кезеңімен төмендеп, облыс тұрғындары үздіксіз әрі сапалы коммуналдық қызметтермен қамтамасыз етіледі деп күтілуде.
Minut.kz



