Басты жаңалықҚоғам

Өскеменнен Ресейге апаратын жол құрылысы аяқталуға жақын

Шығыс Қазақстан облысында республикалық маңызы бар «Өскемен-Шемонаиха-РФ шекарасы» автомобиль жолын жөндеу жұмысы аяқталуға жақын, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Өңірді Ресей Федерациясымен байланыстыратын маңызды трассаны жаңарту жұмыстары 2025 жылы басталған болатын. Былтыр жолдың 30 шақырымы қолданысқа берілсе, биыл қалған 91 шақырымы толық жөнделіп жатыр.

Фото ШҚО әкімдігінің баспасөз қызметінен алынды

Жұмысты жылдам әрі сапалы жүргізу үшін 91 шақырымдық аралық үш нысанға бөлінген:

  • 1-нысан (1089–1115 жəне 1159–1162 шақырым): Құрылыс-монтаж жұмысы толық аяқталды.
  • 2-нысан (1175–1191 жəне 1194–1212 шақырым): Асфальтбетон төселіп бітіп, қазір жол жиектері жөнделіп жатыр. Трассаның бұл бөлігі тамыз айының соңына дейін пайдалануға беріледі.
  • 3-нысан (1145–1159 жəне 1162–1175 шақырым): Екі жылға қарастырылған өтпелі нысан болғанымен, мердігер ұйым асфальт төсеуді биылғы жылдың соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.

Бас мердігер – «ОблШығысЖол» ЖШС. Жөндеу барысында ескі жол төсемі суық ресайклинг әдісімен қалпына келтіріліп, үстіне екі қабат асфальтбетон төселеді. Сонымен қатар 4 су өткізу құбырын орнату, жол жиектерін нығайту және таңбалар салу жұмысы жүргізіліп жатыр.

Жолдың құрылыс сапасы Техникалық қадағалау қызметі мен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» РМК мамандарының тұрақты бақылауында. Жол ресми түрде пайдалануға берілгеннен кейін мердігер 5 жыл бойы кепіл болады. Осы уақыт ішінде қандай да бір ақау анықталса, компания оны өз қаражаты есебінен жөндеуге міндетті.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button