Биыл шығыста 48 мектеп жөнделді
Бүгін Үкіметте ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен жаңа 2026–2027 оқу жылына дайындық мәселесі талқыланды. Онлайн жиынға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бүгінде Шығыс Қазақстанда 538 білім беру ұйымы жұмыс істейді. Биыл 48 нысанда жөндеу жұмыстары жүргізілуде, оның 38-інде жұмыс аяқталды. Қалған нысандарда жөндеу жұмысы бекітілген кестеге сәйкес жалғасып жатыр.

Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов білім беру ұйымдарының алдына 25 тамызға дейін барлық ағымдағы жұмысты аяқтау міндетін қойды. Әлеуметтік осал отбасылардан шыққан балалардың мектепке дайындығына ерекше назар аударып, оларға қажетті қолдау көрсету қажет деп тапсырды.
Мектептерді жылумен қамтамасыз ету мәселесі де жеке бақылауда. ШҚО қалалары мен аудандарының әкімдері әр мектептің жылыту маусымына дайындығын жеке тексеруі тиіс.
Айта кетейік, қазір өңірде «Заң мен тәртіп» қағидаты аясында «Назар аударыңыз – балалар!» жедел алдын алу шарасы өтуде. Үш күн ішінде 183 рейд ұйымдастырылып, 128 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Облыстың ішкі істер органдарына 101 кәмелетке толмаған жеткізіліп, 8 жасөспірім Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына орналастырылды. Сондай-ақ есірткі қолданудың алдын алу мақсатында 11 профилактикалық шара өткізілді. Жергілікті полицияның рейдтік және профилактикалық шаралары осы бейсенбіге дейін жалғасады.

Жаңа оқу жылына дайындық жұмыстары күнделікті бақылауда болуы тиіс. Жоспарланған барлық жұмыс сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқталуы қажет, – деп қорытындылады Нұрымбет Сақтағанов.
Minut.kz



