Қазақстандықтар зейнетақы активтерін басқарушыны өзі таңдай алады
БЖЗҚ салымшыларының зейнетақы активтерін басқару мүмкіндіктері айтарлықтай кеңейетін болды. 7 қыркүйегінен бастап азаматтар міндетті және міндетті кәсіптік зейнетақы жинақтарын 100 пайыз жеке Инвестициялық портфельді басқарушыларға (ИПБ) сенімгерлік басқаруға бере алады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұған дейін бұл меже 50%-дан аспайтын еді. Енді азаматтар ең төменгі жеткіліктілік шегіне қарамастан, жинағының қанша пайызын жеке басқаруға беретінін өздері шешеді. Жинақты бір немесе бірнеше ИПБ арасында бөліп сеніп тапсыруға болады. Әрбір ИПБ салымшының тәуекелге дайындығы мен жасына қарай 3 түрлі портфель ұсынады: консервативті, теңгерімді және тәуекелі жоғары.
Басқарушы компаниялардың көрсеткіштерін, кірістілігі мен стратегияларын invest.enpf.kz арнайы платформасынан салыстырып, зерделеуге болады.
Аударым толық автоматтандырылған. Салымшылар өтінішті enpf.kz сайтындағы жеке кабинет арқылы ЭЦҚ көмегімен немесе БЖЗҚ-ның кез келген бөлімшесіне барып бере алады. Қазіргі уақытта зейнетақы активтерін басқаруға рұқсат алған 6 ресми компания жұмыс істейді.
Сайланған басқарушы компанияны немесе оның инвестициялық стратегиясын жылына 1 рет қана өзгертуге немесе қаражатты қайтадан Ұлттық Банк басқаруына қайтаруға болады.
Minut.kz



