Басты жаңалықҚоғам

Ұлан ауданында жаңа баспаналардың кілті табысталды

Шығыс Қазақстан облысындағы Алмасай ауылының бірқатар тұрғыны жаңа баспанаға көшті. «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында салынған үйлердің кілттері көпбалалы аналар мен әлеуметтік осал топ өкілдеріне табысталды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Баспана кілттерін Ұлан ауданының әкімі Арман Бекбосынов тұрғындарға салтанатты шарада табыстады. Жиынға ауыл халқы мен қоныс иелері және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысты.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ауылдарды дамыту және тұрғындардың тұрмыс сапасын арттыру мемлекеттің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өткен болатын. Осы бағытта облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың қолдауымен ауылдардың инфрақұрылымын дамыту және халықты баспанамен қамту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2024-2026 жылдар аралығында «Бірқабатты Шығыс» бағдарламасы аясында оффтейк-келісімшарттар бойынша 1 кент пен 10 ауылда 210 пәтер салынды. Атап айтқанда, 2024 жылы Герасимовка ауылында 88 пәтер салынып, оның 34-і көпбалалы отбасыларға, 54-і әлеуметтік осал топтарға берілді. 2025 жылы 24 көпбалалы отбасы және 36 әлеуметтік осал топ өкілі баспанамен қамтамасыз етілді. Биыл жалпы көлемі 4 850 шаршы метр болатын 62 пәтерді пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде 9 ауылда әлеуметтік осал топтарға арналған 28 пәтер және 10 ауылда көпбалалы отбасыларға арналған 34 пәтер қарастырылған, – деді аудан басшысы.

Бүгінде Ұлан ауданында тұрғын үй кезегінде 779 азамат тұр. Оның ішінде 167-сі – көпбалалы отбасы, 71-і – ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар, 368-і – әлеуметтік осал топ өкілдері. Демек, ауыл тұрғындарын баспанамен қамту бағытындағы жұмыс әлі де маңызды.

Жаңа пәтер кілтін алған Гүлнұр Әкімбаева төрт ұл тәрбиелеп отыр. Көпбалалы ана фабрикада еңбек етеді. Айтуынша, тұрғын үй кезегіне тұрғанына екі жыл болған.

Бүгін бір шаңыраққа ие болдым. Көпбалалы ана ретінде осындай үй беріп отырған облыс, аудан басшылығына алғыс айтамын. Жайлы, жақсы жерде орналасқан үйіміздің кілтін салтанатты түрде алдық. Екі жыл кезекте тұрдым. Осы уақыт ішінде үй ала қоямыз деп сенбеп едім, – дейді Гүлнұр Әкімбаева.

Ал жаңа үйлердің құрылысын жүргізген мердігер ұйымның өкілі Тілек Қоңыровтың айтуынша, Алмасай ауылында он пәтерлі бес үй бой көтерген. Әр пәтердің аумағы 70-тен 85 шаршы метрге дейін. Үйлер дәстүрлі үш құдықты пешпен жабдықталған.

Құрылыс жұмысын былтыр маусым айында бастаған едік. Бір жылға жуық уақыт ішінде үйлерді аяқтап, бүгінде кілттерін иелеріне табыстап отырмыз, – дейді Тілек Қоңыров.

Жаңа қонысқа жайғасқан тағы бір көпбалалы ана Нұрзипа Сағынбаева үшін де бұл күннің орны бөлек. «Күміс алқа» иегері жеті бала тәрбиелеген. Бір баласы мен немерелері қазір қолында. 64 жылдық еңбек өтілі бар ана Семей ядролық полигонының зардабын тартқан азаматша ретінде де мемлекет қамқорлығын сезініп отырғанын айтады.

Қуанышты күнде баспаналы болып жатырмыз. Аудан басшылығы құрмет көрсетіп, салтанатты рәсімде үйдің кілтін табыстап, мерекелік бағдарлама ұйымдастырды. Үйдің жарығы мен суы тартылған, көңілімнен шығып жатыр, – дейді Нұрзипа Сағынбаева.

Жаңа баспана иелеріне пәтер кілтімен бірге тұрмысқа қажетті техникалар мен сый-сыяпаттар да жасалды. Айта кетейік, қуанышты іс-шара Құрылтай депутаттарының сайлауы қарсаңында өтіп отыр.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button