Басты жаңалықҚоғам

ШҚО әкімі дауыс беруге отбасымен барды

Шығыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттарының сайлауына халық белсенді қатысып, таңғы сағат 7-ден бері дауыс беріп жатыр, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Халықпен бірге облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов та таңдауын жасады. Өңір басшысы дауыс беру үшін №1193 сайлау учаскесіне әкесі, жұбайы және балаларымен бірге барған.

Бүгін елімізде маңызды тарихи күн өтіп жатыр. Құрылтай депутаттарының сайлауы – жай ғана дауыс беру емес, елдің дамуы, азаматтық қоғамды нығайту және саяси мәдениетті қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев атап өткендей, бұл күн жаңа реформаларды жүзеге асыруға, Қазақстанның қазіргі тарихында жаңа парақ ашуға негіз болады. Бүгін менімен бірге әкем, жұбайым және жиенім дауыс беріп жатыр. Мен үшін балалардың кішкентай кезінен бастап елімізде не болып жатқанын, осындай маңызды саяси үдерістердің қалай өтетінін түсінуі маңызды. Олардың тарихи маңызы бар оқиғалардың куәсі болып, жастайынан жоғары азаматтық мәдениет пен саналы көзқарас қалыптастырғанын қалаймын, – деді Нұрымбет Сақтағанов.

Облыс әкімі Шығыс Қазақстан тұрғындарының дәстүрлі түрде жоғары азаматтық жауапкершілік танытатынын атап өтіп, бұл күні де әр сайлаушы өз таңдауын саналы түрде жасайтынына сенім білдірді.

Айта кетейік, жалпы өңірде 534 сайлау учаскесі құрылған. Сайлаушылар тізіміне 485873 азамат енгізілді. Дауыс беру барысы мен тәртіптің сақталуын 3 мыңнан астам бақылаушы қадағалап отыр. Олардың ішінде 10-ға жуық халықаралық өкіл бар.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button