Қала күнінде 50-ден астам мерекелік шара ұйымдастырылады
Биыл Өскеменде қала күні ауқымды түрде аталып өтеді. Шығыстың бас шаһарында елуден астам мәдени, спорттық және түрлі ойын-сауық іс-шарасы ұйымдастырылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Тамыздың 25-і мен 30-ы күндері аралығында өтетін шаралар туралы қала әкімі Алмат Ақышов мәлімдеді. Оның айтуынша, мерекелік бағдарламалар Арбат, Республика алаңы, Амфитеатр, Достық үйі алдындағы алаң мен саябақтарда өткізіліп, қаланың негізгі қоғамдық кеңістіктерін қамтиды.

Биыл тұрғындардың әртүрлі жас санатына қызықты болатын бағдарлама әзірлеуге тырыстық. Мерекелік шаралар мәдениет пен спортты, концерттік бағдарламаларды, отбасылық және гастрономиялық фестивальдерді қамтиды. Қала тұрғындары мен қонақтарын мерекелік іс-шараларға белсенді қатысуға шақырамын, – деді шаһар басшысы Алмат Ақышов.
Мерекелік бағдарлама бүгін Арбатта өтетін арт-фестиваль және «Dance Battle» сайысымен басталады. Одан кейін «White Party Oskemen», «Ұлы дала батырлары» жекпе-жек турнирі, «Шашлык фест», «Oskemen Night Run» түнгі жүгіру, ақындар айтысы, «Oskemen Retro 2026» фестивалі, батпырауықтар фестивалі және классикалық музыка кеші ұйымдастырылады.
Негізгі мерекелік шаралар 30 тамызда өтеді. Қала орталығында балаларға арналған ойын-сауық бағдарламасы, «Бал фестивалі», ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі, «Қарбыз фестивалі» және «Drag Racing» автожарысы ұйымдастырылады.
Мерекенің басты бөлігі – сағат 18:00-де Республика алаңында өтетін үлкен концерт. Кеште Меруерт Түсіпбаева, Amre, Жігер Ауыпбаев, Серік Ибрагимов, Daricorn, Yenlik, «Ninety One» тобы және ресейлік «Краски» тобы өнер көрсетеді.
Әр тұрғын өзіне қызықты іс-шараны тауып, көтеріңкі көңіл күй мен жақсы әсер алады деп сенемін. Бұл мереке қала тұрғындарын біріктіріп, Өскеменге ерекше көңіл күй сыйласа дейміз, – деп атап өтті қала әкімі.
Мерекелік кеш әсерлі отшашумен аяқталады. Ал қала күнін атап өтуге атсалысып, мерекелік іс-шараларды ұйымдастыруға қолдау көрсеткен бас демеуші «Казцинк» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.
Жанель Жанболатқызы



