Шығыста заңсыз кен өндірген азамат сотталды
«AK Metal» ЖШС басшысы 1 млрд теңгеден астам заңсыз табыс тапқан

Шығыс Қазақстан облысында «AK Metal» ЖШС басшысы Д.К. Бектемиров заңсыз кен өндіріп, ірі көлемде табыс тапқаны үшін 1 жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, серіктестікке тек қатты пайдалы қазбаларды барлауға рұқсат берілген. Алайда олар зертханалық және технологиялық зерттеу деген желеумен, өнеркәсіптік көлемде темір кені мен оның концентратын өндіріп, Қазақстан мен шетелде сатқан. Нәтижесінде жалпы 70 мың тоннадан астам өнім заңсыз өндіріліп, 1 млрд теңгеден астам табыс түскен.
Кен өндіру салдарынан топырақ жамылғысы бүлініп, табиғи бедер мен ландшафт өзгерген, аумаққа елеулі техногендік зақым келген.
Заңсыз тапқан қаражатқа сатып алынған, жалпы құны 1 млрд теңгеден асатын мүліктер мемлекет кірісіне тәркіленді:
- Land Rover автокөлігі
- 5 бөлмелі пәтер
- 3 коммерциялық үй-жай
- 2 тұрақ орны
- Алматы қаласы мен Алматы облысындағы 2 жер учаскесі
Айта кетейік, сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.
Minut.kz



