«Таза-Өскемен» мекемесінің бұрынғы директоры қамауға алынды
Күдіктіге мемлекеттің 120 млн теңгесін қолды қылды деген айып тағылды

Қаржылық мониторинг агентігінің Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті «Таза-Өскемен» мемлекеттік кәсіпорнының бұрынғы басшысын қамауға алды. Оған қала көшелерін күтіп-ұстауға бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды – деп хабарлайды, Minut.kz тілшісі.
Күдіктілердің арасында кәсіпорынның бұрынғы директоры, оның орынбасары және жеке кәсіпкер бар. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.
Күдіктілер лауазымдық өкілеттіктерін пайдалана отырып, 2022-2023 жылдар аралығында мемлекеттік сатып алу рәсімдерін өткізбестен, жүйелі түрде бюджет қаражатын өздерімен байланысы бар коммерциялық құрылымдардың есепшоттарына заңсыз аударып отырған.
Қылмыстық схеманың мәні – материалдарды жеткізу және техниканы жалға алу бойынша жалған құжаттар рәсімдеуде болған.
Атап айтқанда, құжаттарда жолдарды жөндеуге арналған битум мен құм сатып алу, суды соруға арналған арнайы техника жалдау, сондай-ақ бұған дейін орнатылған 23 аялдама павильонын жасауға қажетті материалдар сатып алу туралы жалған деректер көрсетілген.
Кейін бұл қаражат жеке кәсіпкер арқылы қолма-қол ақшаға айналдырылған схемаға қатысушылар арасында бөлінген. Келтірілген залалдың жалпы сомасы 120 млн теңгеден асты.
Қылмыстық жолмен алынған табысқа күдіктілер Өскемен қаласындағы қымбат тұрғын үй кешенінен пәтер, «BMW X6M» және «Subaru Forester» автокөліктерін, сондай-ақ жер учаскелерін сатып алған. Аталған мүлікке сот санкциясымен тыйым салынды.



Кәсіпорынның бұрынғы директорына қатысты бұлтартпау шарасы ретінде екі ай мерзімге қамауға алу түріндегі шара қолданылды.
Қазақстан Республикасының Қылмыстық-процессуалдық кодексінің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етілуге жатпайды.
Жанель Жанболатқызы



