Жер сілкінісіне қатысты жемқорлықпен бірнеше шенеунік сотталды

2024 жылғы 23 қаңтарда Алматыда болған жер сілкінісі кезінде автоматтандырылған алдын ала ескерту жүйесі дұрыс жұмыс істемей, тұрғындарға дер кезінде хабарлама келмеген болатын – деп хабарлайды, Minut.kz тілшісі.
Тексеру нәтижесінде жүйені сатып алу кезінде бюджет қаражаты жымқырылғаны анықталып, сотқа дейінгі тергеу басталған. Тергеу барысында «TNS-INTEC» ЖШС бас директоры сапасыз жабдық жеткізіп, жалған актілер рәсімдеу арқылы аса ірі көлемде мемлекет қаражатын иемденгені дәлелденді.
Алматы гарнизонының әскери соты іс бойынша үкім шығарды.
– Жабдықты қабылдау кезінде немқұрайлық танытқан Алматы төтенше жағдайлар департаменті басшысының үш орынбасары, сондай-ақ авторлық және техникалық қадағалау өкілдері де қылмыстық жауапқа тартылды, — делінген хабарламада.
Сот барлық айыпталушыны кінәлі деп танып, оларға бас бостандығынан айыру және мемлекеттік, квазимемлекеттік органдарда лауазым иелену құқығынан айыру жазасын тағайындады.



