Басты жаңалықЭкономика

«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тас жолы жақында толық аяқталады

Тас жолдың 352 шақырымнан астамы Абай облысының аумағында

Республикалық маңызы бар «Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тас жолындағы жаңғырту толық аяқталуға жақын. Қазір күре жолдың асфальты төселіп бітіп, абаттандыру жұмысы жүргізіліп жатыр. Жаңа жол көлік ағыны үшін ашық. Нәтижесінде тас жол арқылы көршілес Қытай мен Ресейге де транзит жанданып, экономикаға да оң әсер ете бастады.

«Талдықорған-Қалбатау-Өскемен» тас жолының Абай облысына қарасты бөлігі 352 шақырымнан асады. 8 учаскеде жүргізілген құрылыс кезінде  22 көпір, 300 ге жуық су өткізгіш құбыр салынған. Одан бөлек демалыс орындары құрылып, елді мекендерге кіре берістер жөнделді. Жарықтандыру жүргізілді.

Серік Жұмабеков «ҚазақАвтоЖол» ҰК АҚ Абай облыстық филиалының бас маманы

Жол белгілері барлығы жобаға сәйкес. Камералар біздің учаскелер бойынша, Абай облысы бойынша 9 жерге орнатылып жатыр – дейді, «ҚазақАвтоЖол» ҰК АҚ Абай облыстық филиалының бас маманы Серік Жұмабеков.

Жалпы жол құрылысын жаңғырту жұмысына 185,8 миллиард теңге бөлінген. оның 15 пайыз сомасы республикалық бюджеттен қалған бөлігі ҚХР есебінен қаржыландырылды деді, жобаның атқарушы директоры Хан Лиси: — Жолға қажет қоспалар Германиядан әкелінді. Климаттық жағдайға байланысты Абай облысы төңірегіне арнайы полимерлер қолданылды. Қазір жұмыстың 2 проценті ғана қалды. Жақында аяқтаймыз. Жұмыс тамамдалған соң 2 жылдық кепілдік мерзімі бар.

Жол бойында қауіпсіздік инфрақұрылымдары да талапқа сай ретке келтірілген. Жол белгілері, тосқауыл қоршау, торлы қоршау, қар тоқтатқыштар орнатылды.

Автожол бойында орналасқан елді мекендердің кейбірінің ішкі жолдары мен кіре берістерін мамандар  жобадан тыс жөндеп берген. Бұған ауыл халқы разы.

— Бұрын Семей қаласына 6-7 сағат жүріп әзер баратын. Қазір екі жарым, үш сағатта жетіп үлгереді. Халық қарық болып қалды – деді, Үшбиік ауылының тұрғыны Мейірғали Қабайұлы.

Жолдың сапасы барлық стандарттарға сай келеді – дейді мамандар. Құрылыс басталғалы бірнеше сатыдан тұратын авторлық, техникалық бақылау жүргізілген.

Жасұлан Құрманғалиев «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының инженері

Тас жол салынғаннан кейін Ұлттық сапа орталығы сынамаларын алып, зертханаға өткізіп, оның құрамын тексеріп отырдық. Қазіргі таңда жолдың сапасы жақсы деп айтуға болады – дейді, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының инженері Жасұлан Құрманғалиев.

Қазір күре жолдың екі учаскесінде ғана абаттандыру жүргізіліп жатыр. Республикалық трасса ретке келгелі өңірде көлік қозғалысы реттеліп, транзиттік әлеуеті арта түскен.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button