Басты жаңалықСаясат

Мәслихат депутаттарының сайлауы өтеді

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтатуды жоспарлап отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Президент бұл мәселе бойынша Премьер-министр және Құрылтай төрағасымен кеңес өткізетінін, содан кейін тиісті жарлыққа қол қоятынын айтты.

Президенттің айтуынша, бұл қадам мәслихаттардың кәсіби құрамын қалыптастыруға жол ашады. Ол жергілікті өкілді органдар азаматтардың мүддесін қорғап, бюджеттерді бекітіп, өңірлердің дамуын бақылауы қажет екенін атап өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев мәслихат сайлауын мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртудың қорытынды кезеңі деп атады.

Фото Ақорданың ресми парақшасынан алынды

Қазіргі кезеңде біз жергілікті өкілді органдардың, яғни мәслихаттардың сайлауын өткізуіміз қажет. Мәслихат депутаттарының өкілеттігі Конституцияда және тиісті заңдарда айқындалған мерзімге дейін сақталады. Дегенмен олардың көпшілігі «Amanat» партиясының атынан сайланды. Бүгінде бұл саяси ұйым «Әділет» партиясына қосылып, өз қызметін тоқтатты. Жақында тиісті заңнамалық рәсімдер аяқталады. Сол кезде мәслихат депутаттарының басым бөлігінің қызметінің заңдылығына қатысты мәселе туындайды. Сондықтан мен жақын арада Премьер-министрмен және Құрылтай Төрағасымен барлық деңгейдегі мәслихаттардың өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату жөнінде кеңесемін. Содан соң тиісті Жарлыққа қол қоямын, – деді Мемлекет басшысы.

Жарлық шыққаннан кейін алдағы сайлаудың күнін Орталық сайлау комиссиясы белгілейді.

Minut.kz

Басқа жаңалықтар

Back to top button