ШҚО-да жылына 80 мыңға дейін көлік шығару жоспарланып отыр
Шығыс Қазақстан облысы әкімдігі қытайлық компаниямен автокөлік өндірісі жөнінде келісімшарт жасасты, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Облыс әкімдігі баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, өңір басшысы Нұрымбет Сақтағанов пен кәсіпкер Серік Әжімұратов қазақстандық-қытайлық бірлескен East Motors Corporation ЖШС кәсіпорнын құру жобасы бойынша меморандумға қол қойды. Келісім Алматыда өткен «Қазақстан-Қытай» инвестициялық форумында жасалған.

Жоба бойынша өңірде жеңіл автокөліктер, арнайы техника және заманауи қозғалтқыштар шығаратын өндірістік кешен құру көзделіп отыр. Дайындық кезеңі аяқталғаннан кейін жобаға салынатын капиталдық инвестиция көлемі кемінде 110 млрд теңгені құрайды деп жоспарлануда. Өндіріс іске қосылған кезде 150-ге дейін жұмыс орнын ашу, ал кәсіпорын жобалық қуатына шыққаннан кейін 500 тұрақты жұмыс орнын құру көзделген.
Өндіріс кезең-кезеңімен дамытылмақ. Алғашқы ірі торапты құрастырудан бастап, кейін дәнекерлеу, кузовтарды өңдеу және бояу, соңғы құрастыруды қамтитын толық технологиялық циклге көшу көзделеді. Өндірістік кешеннің қуаты жылына 80 мыңға дейін автокөлік шығаруға жетуі мүмкін. Жергілікті қамту үлесін 50 пайызға дейін жеткізіп, кейіннен одан әрі арттыру жоспарланған.
Өнімді экспорттаудың әлеуетті бағыттарының қатарында ЕАЭО елдері, Орталық Азия мемлекеттері және басқа да шетелдік нарықтар бар.
Меморандумға қол қою Шығыс Қазақстанды дамытуға отандық және шетелдік бизнесті тарту бағытында облыс әкімдігі жүргізіп отырған жұмыстың жалғасы болып отыр.
Minut.kz



