Шығыста тамақ өнеркесібі талқыланды

Шығыс Қазақстан облысында Құрылтай депутаттары тамақ өнеркәсібіндегі отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бүгін облыс әкімдігінде ҚР Құрылтайы Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің депутаттары тамақ өнеркәсібіндегі отандық тауар өндірушілерді қолдау мәселелеріне арналған көшпелі отырыс өткізді. Құрылтай депутаты Наталья Годунованың төрағалығымен өткен жиынға облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов, Экономикалық саясат, өнеркәсіп және энергетика комитетінің мүшелері, Ауыл шаруашылығы вице-министрі Назгүл Хатепова, Сауда және интеграция вице-министрі Әсет Нүсіпов, «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасының орынбасары Аслан Қалиғазин, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарушы директоры Рысхан Нұғырбеков пен бизнес өкілдері қатысты.
Кездесуде елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде отандық тамақ өнеркәсібін дамытудың маңызы айтылды. Облыс әкімі Нұрымбет Сақтағановтың сөзінше, өңір елдегі азық-түлік өнімдерін өндіруші жетекші облыстардың бірі.

Аймақ өсімдік майын, күнжара мен бал өндіруден республикада бірінші орын алады, ал жаңа ауланған балық, қымыз, құрт және шұжық өндіруден екінші орында. Құс еті, қарақұмық жармасы және консервіленген өнімдер өндірісі бойынша Қазақстанның жетекші үш өңірінің қатарына кіреміз. Биыл азық-түлік өнімдерін өндіру көлемі бойынша Шығыс Қазақстан республикада бесінші орында тұр, – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов.
2025 жылы Шанхайда өткен 8-ші Қытай халықаралық импорт көрмесінде қазақстандық кәсіпорындар 55 млрд теңгеге май-тоңмай өнімдерін жеткізу туралы келісімшарттар жасады. Оның 26,2 млрд теңгесі облыстың «Altyn Shygys» ЖШС мен «Востоксельхозпродукт» ЖШС кәсіпорындарының үлесіне тиесілі. Биыл Өскеменде өткен «Pro Сүт» халықаралық форумында Ресейден асыл тұқымды мал жеткізу жөнінде алдын ала келісімдерге қол жеткізілді.

Осы жылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялауға 26,3 млрд теңге бөлінді, ал агроөнеркәсіптік кешеннің инвестициялық жобаларын несиелендіруге 4 млрд теңге қарастырылған. Біздің міндетіміз – кәсіпорындарды одан әрі жаңғыртуды, өнім сапасын арттыруды және өткізу нарықтарын кеңейтуді қамтамасыз ету. Мұның барлығы азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға, жұмыс орындарын ашуға және ауыл тұрғындарының табысын арттыруға ықпал етеді, – деп толықтырды Нұрымбет Сақтағанов.
Жиын қорытындысы бойынша алдағы жұмыстың негізгі бағыттары айқындалды. Атап айтқанда, мемлекеттік қолдау тетіктерін жетілдіру, жеңілдетілген қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, отандық шикізатты өңдеуді ынталандыру және дайын өнімді өткізу нарықтарын кеңейту.
Minut.kz



