Самар ауданында жұмысшы жетіспейді

Самар ауданында жұмысшы табу қиын. Бұл әсіресе кәсіпкерлер үшін оңайға соқпай тұр. Мәселен бір ғана балық өңдейтін зауытта 57 адамның орны бос.
— Екінші балық шаруашылығы бар. Ол жерге де 18 адам керек. Қазіргі күнде жұмыс істейтін адам таппай отыр, – деді аудан әкімі Серік Жеңісов.
Аудандағы сегіз дәмханада да даяшы жетіспейді. Дәмхана иелері аспаздарға 400 мың теңгеге дейін жалақы ұсынған. Бірақ келетін маман жоқ.
Қазір ауданды электрмен жабдықтаушы компания құрылғалы жатыр. Оған да электриктер жетіспейді. Бұған дейін екі бригадаға қажетті мамандарды оқытып, басқа жақтан шақырып жинаған. Енді үшінші бригадада жұмыс істейтін 12 электрик жоқ.
Аудан әкімінің айтуына қарағанда мемлекеттік қызметшінің өзін табу қиын. Жергілікті жердегі әкімдіктерде жыл басында 21 адамның орны бос болған. Дәл қазір жеті қызметшінің орны бос. Бұдан өзге мұғалім мен дәрігерлер де тапшы. Ал аудан орталығындағы колледжде оқып жатқан жастар оқуларын тәмамдаған соң, бұл өңірде қалмайтындарын ашық айтқан.
Айта кетейік, Самар ауданы 1997 жылы 23 мамырда бұрынғы президенттің Жарлығымен жабылған болатын. Содан кейін 25 жыл өткенде 2022 жылы 7 мусым күні Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен қайта аудан болып, Көкпекті ауданының құрамынан бөлініп шыққан.
Жанель Жанболатқызы



