Өскеменде асфальт зауыты заңсыз жұмыс істеген

Өскемендегі Ново-Явленка ауылының дәл іргесіне салынған асфальт зауытына рұхсат берілмеген болып шықты. Бұл заңсыздықты Экология департаменті нысанға жоспардан тыс тексеру жүргізген соң анықтаған, – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Қазіргі уақытта зауыт қожайынына 5 миллион теңгеге жуық айыппұл салынып, әкімшілік іс сотқа жолданды. Экологтар таратқан мәліметке сенсек, сотқа берілген талап арыз зауыт жұмысын тоқтатуға байланысты болып отыр.
Жалпы бұл зауыт төңірегенде дау туындағанына 4 айдай уақыт болды. Ново-Явленка ауылының халқы зауыт жұмысын бастағаннан-ақ, экологиялық зардап тартып отырғандарын айтып, құзырлы органдарға шағымданған. Алайда осы уақытқа дейін нәтиже болмады.
Бұған дейін қала әкімдігі де зауыт өкілдерінен рұхсат алуға ешкім жүгінбегенін хабарлаған болатын.
Жанель Жанболатқызы



