Басты жаңалықҚоғам

Аблакетка халқы әкімнен көмек күтеді

Өскемендегі Аблакетка шағын ауданының тұрғындары бүгін тағы да таң атпай жиналды. Бүтін бір аудан халқының айтқан шағымы қоғамдық көлік дұрыс жүрмейді, – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Қала іргесіндегі мөлтек ауданға қоғамдық көлік уақытылы жүрмейді. Кестеден кешігеді. Тіпті кейбір автобустар бағытқа шықпай қояды екен. Салдарынан адамдар жұмысқа, оқушылар сабаққа үлгермеуде. Анда-санда жүретін қоғамдық көлікке кейде аялдамадағы жолаушылар симай қалады.

Вера Томская Аблакетка ықшам ауданының тұрғыны

— Мысал келтіріп айтсам, бағытқа 16 автобус шығуы қажет. Төртінші автобустың саны 4-5 болу керек. Оның орнына 1-еуі ғана жүреді. Сонда бағыттағы бар-жоқ көліктің саны 7-8 ғана,дейді Аблакетка шағын ауданының тұрғыны Вера Томская.

Сондықтан аблакеткалықтар жолаушы тасымалдаушы компанияны ауыстыруды талап етеді. Ал жолаушыларға қазір қызмет көрсетіп отырған «Бахыт жол» жауапкершілігі шектеулі серіктестік директорының айтар өз уәжі бар.

Елена Ряденских «Бахыт жол» ЖШС директоры

Автобустарымыздың кешігуіне мемлекеттен берілетін субсидия толық және уақытылы төленбеуі себеп болып отыр. Сонымен бірге билет құны да уақытылы қаралмайды. Қазір біз адамдарды 2023 жылы бекітілген тарифпен тасып жүрміз, – деді «Бахыт жол» ЖШС директоры Елена Ряденских.

Кәсіпкердің сөзінен байқағанымыз, бұл бизнестен ешқандай табыс тауып отырған жоқ екен. Компанияны құру үшін барын салған. Сондықтан кәсіптен айырылып қалмаудың қамын жасамақ ниетте. Сол үшін өз дегендерін дәлелдеп, тіпті соттасуға дайын.

Өскемен қаласы әкімдігінің мәліметінше, қаладан Аблакетка мөлтек ауданына қатынайтын бірнеше бағыттағы аутобус осы «Бахыт жол» компаниясына тиесілі. Олар қызмет көрсеткені үшін мемлекеттен тиесілі көмек алып отыр. Бірақ соған қарамастан ескі көліктер жиі бұзылып, жүру кестесінен кешігеді.

Абзал Мәулетханов Өскемен қаласы әкімінің орынбасары

Биыл «Бахыт жол» компаниясына жолаушы тасымалдағаны үшін 400 миллион теңге субсидия төленуі тиіс. Оның 300 миллион теңгесі төленді. Қалған 100 миллионы компания жұмысын дұрыс атқармағаны үшін төленген жоқ. Бұл заңмен белгіленген айыппұл санкциясы. Бұған негіз болатын сот шешімі бар. Соған сәйкес, тасымалдаушы қоғамдық көліктердің жүру жиілігін 85 пайыздан төмен түсірмеуі тиіс еді. Бірақ сот шешімі шыққаннан кейінгі 4 айда бұл талап орындалған жоқ. Автобустардың жүру жиілігі 60-65 пайыз деңгейінде ғана болды. Сол себепті тасымалдаушыны ауыстыру мәселесі туындады – деді Өскемен қаласы әкімінің орынбасары Абзал Мәулетханов.

Әкімнің орынбасары өз сөзінде бұл мәселе жақын арада шешімін табады деп түсіндірді. Қазіргі уақытта қалаға Ақтөбе облысынан бір тасымалдаушы компания келген. Олардың иелігінде 18 автобус бар. Жиырма жүргізушісі де әзір.

Айта кетейік, Аблакеткадағы бұл мәселе талай жылдан бері көтеріліп келеді. Жағдай соңғы 4-5 жылда тіпті ушыққан. Бұған дейін жолаушы тасымалдаушы компания өкілдері жүргізуші жетіспеушілігі мен көлік тапшылығы бар деп уәж айтқан болатын. Тіпті 2022 жылы ковидке байланысты карантиннен кейін қаржылық жағдайды да сылтау еткен.

Ал тұрғындар төзімі таусылған соң, ел президентінің атына бірнеше мәрте петиция жолдаған кездері болған. Одан кейін тасымалдаушы компанияның жауапсыздығы үшін сотқа жүгінген. Істі қараған Әкімшілік сот келісімшартта көрсетілген міндеттер толық орындалсын деген шешім де шағарған. Бірақ жолаушыларын жолда қалдырған компания өкілдері соттың сөзін де әлі елер емес.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button