Шығыс Қазақстанда «Шығыс Бизнес» бағдарламасы іске қосылды

Шығыс Қазақстан облысында кәсіпкерлерді қолдау үшін «Шығыс Бизнес» бағдарламасы қолға алынды, – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Облыс әкімінің баспасөз қызметі таратқан мәліметте, бағдарлама орта және шағын кәсіпкерлікпен айналысатын азаматтарға жан-жақты қолдау көрсету үшін жүзеге асырылды делінген.
Жобаны жүзеге асыруды аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов биыл 14 шілдеде тапсырма берген болатын.
Бағдарламаның басты ерекшелігі үміткерлер жылына 7%-пайызбен несие ала алады. Қаржыландыру облыстық бюджет пен жеке инвестициялар есебінен жүзеге асырылады.
Жеңілдетілген несие екі жолмен беріледі. Атап айтқанда, 20 000 АЕК-ке дейінгі жобалар – «Oskemen-Atameken» МҚҰ арқылы, 20 000 АЕК-тен асатын жобалар – «Ертіс» ӘКК АҚ арқылы қаржыландырылады.
Несие алудың басым бағыттарының ішінде моноқалалардағы қызмет көрсету саласы, ағаш өңдеу өнеркәсібі, балық шаруашылығы, кеме жасау және жөндеу, жабдықтар мен арнайы техника өндірісі, тау шаңғысы туризмі, қонақ үйлер мен эко-демалыс базаларын салу, марал шаруашылығын дамыту және басқа да салалар бар.
Айта кетейік, бүгінде өңір бойынша 63,5 мың шағын және орта кәсіпкер жұмыс істейді.
Жанель Жанболатқызы



