«Бипэк-Азия»-дан құны 11,6 млрд теңгенің мүлкі тәркіленді

Биыл Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті тергеген ең маңызды істердің бірі – «Бипэк-Азия Авто» компаниялар тобына қатысты қылмыстық іс болды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Тергеу шараларының нәтижесінде мемлекет кірісіне 11,6 млрд теңгеден астам мүлік тәркіленді. Оның ішінде автокөлік құралдары, жылжымайтын мүлік нысандары, әуе кемелері және демалыс базасы бар. Бұл 2025 жылы өңір аумағында қайтарылған активтердің ең ірісі деуге болады.
— 2025 жылы Шығыс Қазақстан облысы бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл және мемлекеттің мүдделерін қорғау бағытында жүйелі жұмыс жүргізді. Негізгі назар өңір экономикасының тұрақтылығына тікелей әсер ететін бағыттарға аударылды. Олар активтерді қайтару, заңсыз жер қойнауын пайдалану, энергетика және кәсіпкерліктегі көлеңкелі схемалар, – деді ШҚО бойынша Экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Тимур Мұханов.
Білім беру саласында да мемлекетке қайтарылған нысандар бар. Мәселен бұрын заңсыз иеліктен шығарылған «ВКРТ «Алтай» ЖШС ғимараты мемлекет меншігіне өтті. Бұл ғимарат Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетіне тиесілі. Қайтарылған мүліктің құны 1,5 млрд теңге.
Биыл Департамент өндірісінде жалпы сомасы 3 млрд теңгеден астатын 17 қылмыстық іс болған. Тергеу нәтижесінде құны 1,9 млрд теңге көлеміндегі мүлік тәркіленіп алынды.
Minut.kz



