Қытай мердігерлері Атырауда 400 шақырымдық құбыр желісін салады

Қытай мердігерлері Атырауда ҚМГ үшін 400 шақырымдық құбыр желісін салады – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі, Atameken business телеарнасының ресми парақшасына сілтеме жасап.
Атырау облысында этан мен пропанды тасымалдауға арналған магистральдық құбырлар құрылысына жарияланған тендерде Қытай компаниялары жеңімпаз болды. Бұл құбырлар Теңіз кен орнын болашақ полиэтилен зауытымен және қазіргі жұмыс істеп тұрған полипропилен зауытымен байланыстырады.
Тендер EPC+F (жобалау, сатып алу, құрылыс және қаржыландыру) форматы бойынша өтті. Ең тиімді баға мен мерзім ұсынған консорциум жеңімпаз атанды. Оның құрамына China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd., CITIC Construction Co., Ltd. және «ЧППИ Қазақстан» ЖШС кіреді. Бұл туралы жобаның операторы — толықтай «ҚазМұнайГазға» тиесілі «KMG PetroChem» ЖШС хабарлады.
Компанияның мәліметінше, жобаны қаржыландыру Қытайдың Даму банкі арқылы жүзеге асырылады. Қажетті келісімдерге жақын уақытта қол қойылмақ.
Жоба шеңберінде бір дәліз бойымен екі магистральдық құбыр салынады. Оның біреуі ұзындығы 212 км, жылына 1,6 млн тонна этан тасымалдауға арналған. Екіншісінің ұзындығы 219 км, жылына 1 млн тонна пропан өткізуге арналған.
Жанель Жанболатқызы



