40 мың жұмысшының құқығы қорғалды

Еліміздегі 400-ге жуық кәсіпорын 9,8 мыңнан астам жұмысшыға 2,3 млрд теңге жалақы қарыз. Бұл жыл басынан бергі 10 айдың қорытындысы бойынша шығарылған талдаудың нәтижесі. Сонымен қатар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметінше еңбек құқығының бұзылуына қатысты 6,5 мыңнан астам факті тіркелген.
Жалақы бойынша берешегі және еңбек құқығының бұзылуы анықталған кәсіпорындардың басшыларына орындауға міндетті 3 369 ұйғарым берілді және 428,2 млн теңгеден астам сомаға айыппұл салынды.
Министрлік қабылдаған шаралардың арқасында жалақы бойынша берешекті өтеудің қатаң кестелері мен мерзімдерін белгілеудің нәтижесінде 9,6 мың жұмыскердің құқықтары қорғалды. Оларға 2 млрд теңге төленді.
Бұдан басқа, еңбек заңнамасының сақталуына мемлекеттік бақылауды қамтамасыз ету мәселелері ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің ерекше бақылауында.
Министрліктің мәліметінше, мемлекеттік еңбек инспекторлары 5 306 тексеру жүргізіп, 6 571 бұзушылықты анықтаған. Оның 5500-ге жуығы еңбек саласына қатысты. Қалғаны еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғауға, халықты жұмыспен қамтуға қатысты. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 40 мың жұмыскердің еңбек құқығы қорғалды.
Жанель Жанболатқызы



