Халық жердің игілігін көруі керек

Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс – деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің екінші форумында. Сондай-ақ, Президент бұл мәселені келесі жылдың ортасына дейін шешуді тапсырды.
— Халық жердің игілігін көруі керек. Мен бірнеше жыл бұрын заңсыз алынған және игерілмей бос жатқан жерлерді қайтарып алу туралы нақты тапсырма бердім. Бүгін осы мәселе бойынша министр баяндады. 2022 жылдан бері 14 миллион гектардан астам ауыл шаруашылығы жері мемлекетке қайтарылды. Жерді қолынан іс келетін, жұмыс істеуге ниетті азаматтарға беру керек деген тапсырма бірнеше рет айтылды. Алайда, бұл маңызды жұмыс баяу жүргізіліп жатыр. Сондықтан Жолдауда мемлекетке қайтарылған жерді келесі жылдың ортасына дейін түгелдей тұрақты айналымға енгізу туралы тапсырма берілді. Әкімдіктердің осы мәселеге қатысты жоспарлары қағаз жүзінде қалып қоймауы керек. Ең бастысы, жер тағы да игерілмей, бос қалмауы қажет. Үкімет қазір мал шаруашылығы саласындағы бизнесті қолдау жоспарын әзірлеп жатыр. Жайылымдық жерлер ауыл тұрғындарына және нақты жоспары бар инвесторларға берілуге тиіс, — деді Тоқаев.
Президент жер телімдері электронды конкурс арқылы берілуі қажет екенін айтты. Жер алған азаматтардың ең басты міндеті – жерді тиімді игеру, яғни, берілген жерді кәдеге жарату. Бұған қоса, жер ресурстарына мониторинг жүргізу тәсілдерін қайта қарау қажет. Мемлекет басшысы қазір ауыл шаруашылығы жерлеріне қатысты деректер толық емес — деді.
Жанел Жанболатқызы



