Өскеменде жарылған құбырдың жөнделмегеніне жарты айдан асты

Өскемендегі көпқабатты үйдің кәріз суына арналған құбырдың жарылғанына жарты айдан асты. Тесілген жерін жамап немесе ауыстырмаққа келген су арнасының қызметкерлерінің жұмысынан әлі нәтиже шығар емес – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Пәтерлерден шыққан арам су жертөлені толтырып барады. Тұрғындар ертең аяз қысса жан-жаққа жайылған су қатып, үйдің іргетасын жарады – деп алаңдайды.
Тоғыз қабатты үйдің тұрғындары құбыр жарылған күннен бастап дабыл қаққандарын айтты. Айтуларынша жұмысты көпке созбай, тиісті шараларды дер кезінде қолдануды сұраған. Жауаптылар апаттың мұндай ауқымды екенін елемеді. Енді міне салдарынан маңайға дейін сасып, жағдайды реттеу қиындап барады деп ашынды жиналған халық.

— Үйімнің іші бәрі сасып кетті. Мен енді бұдан ары шыдай алмаймын. Бізді күнде ертеңмен алдап келеді. Демалу қиын. Сіз жай ғана үйге кіріп көріңізші. Иісті сезесіз, – дейді сол үйдің тұрғыны Алена Акимова.
Үй Ертістің жағасында тұр. Тұрғындардың айтуынша, бұрын құрылыс салынған кезде жеріне құм-тас төселіп тегістелген екен. Енді міне жайылған судан үгітілген топырақ та қауіп төндіруде. Жертөлеге толған суды сорғызғанмен ол да бітер емес.

— Қазір жертөледегі судың биіктігі 25-тен 50 сантиметрге дейін жетті. Су 28 қазаннан бері жиналып тұр. Міне жарты айдан асты. Қазір аяз қысса су қатып, үйдің іргетасында жарық пайда болады. Әрине ол тіпті төтенше жағдай болады, – деп алаңдады Пәтер иелері кооперативінің төрағасы Елена Погодина.
Өскемен су арнасының инженері жарылған құбырды ауыстырудың түрлі жолын көргенін, бірақ нәтиже бермегенін айтты. Сондықтан жанынан құбыр салып жатыр екен.

— Бұл жұмыс қымбат әрі біраз уақытты алады. Қазір қандай жұмыс істеліп жатқанын көрдіңіздер. Жөндеу жұмысы шамамен келесі аптаның аяғында бітеді – деді «Өскемен Водоканал» мекемесінің бас инженері Андрей Алехнович.

Кәріз құбырының салынғанына жарты ғасырдан асқан. Осы желіде былтыр да апат болыпты. Пәтер иелері кооперативінің төрағасы жалпы желіні ауыстыру келер жылға жоспарланын айтты. Бірақ оған 6 миллиардқа жуық қаражат қажет. Қала қазынасынан ондай қаражаттың шығу-шықпауы неғайбіл – дейді.



