Балқашта салынатын АЭС атауы белгілі болды

Қазақстанда еліміздегі алғашқы атом электр станциясына атау беру бойынша өткізілген жалпыхалықтық байқау аяқталды. Нәтижесінде тұрғындар ең көп ұсынған атау – «Балқаш» атом электр станциясы – жеңімпаз деп танылды. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттіктің баспасөз қызметі хабарлады.
Байқау Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2025 жылғы 11 тамызда жариялаған тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған. Үздік атауды таңдау eGov Mobile платформасында 25 қыркүйек пен 10 қазан аралығында өтті.
Байқауға 16 жастан асқан 27 157 қазақстандық қатысты. Жалпы ұсынылған нұсқалар саны — 10 460 (қайталаулар, кирилл–латын әріптеріндегі нұсқалар және мағыналас сөздер ескерілген).
Конкурс комиссиясы талқылауға ең көп ұсынылған 100 атауды шығарды. Нәтижесінде «Балқаш» атауы 882 азаматтың ұсынысымен бірінші орынға шықты. Сарапшылардың пікірінше, нысанды географиялық ерекшелігі бойынша атау — атом энергетикасында кең таралған халықаралық тәжірибе.
АЭС атауы үш тілде бекітілді. Қазақша: «Балқаш» атом электр станциясы. Орысша: Атомная электростанция «Балхаш». Ағылшынша: Balkhash Nuclear Power Plant.
Жобаға қоғам өкілдері, креатив индустрия мамандары, атом энергетикасы, филология және тарих саласындағы сарапшылар қатысқан.
Жанель Жанболатқызы



