Тоқаев Түркістан облысындағы өрттен қаза болған марқұмдардың туыстарына көңіл айтты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысы Жетісай ауданындағы жеке үйде болған өрттің салдарынан көптеген адамның қаза табуына байланысты көңіл айтты, деп хабарлады президенттің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай.
– Үкімет пен Түркістан облысының әкіміне зардап шеккен азаматтардың туған-туыстарына барлық қажетті көмек көрсетіп, қайғылы оқиғаны жан-жақты тексеруді тапсырды, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бүгін Түркістан облысы Төтенше жағдайлар департаменті Жетісай ауданының Алғабас ауылында орналасқан екі қабатты жеке тұрғын үйде өрт болып, 12 адам қаза тапқаны туралы ақпарат таратқан.
Өртті барлау және сөндіру барысында үйдің ішінен ес-түссіз күйдегі үш адам эвакуацияланып, жедел медициналық жәрдем бригадасына тапсырылды. Үйдің ішінен тоғыз баланы қоса алғанда, барлығы 12 адамның денесі табылды. Көршілердің айтуынша алдыңғы күні үй иелері іс-шара өткізген, үйде қонақтар болған. Өрт 360 шаршы метр аумақта толықтай сөндірілді. Оқиға орнында барлық жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр. Тергеу басталды, өрттің шығу себептері анықталуда.
Жанель Жанболатқызы



