Казақстан әлемнің ең қуатты суперкомпьютерлері картасына ресми түрде енді
Қазақстан әлемнің ең қуатты суперкомпьютері бар елдер картасына ресми түрде енді, – деп жазды жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

– Жаңартылып жарияланған TOP-500 рейтингінде Қазақстан тарихта алғаш рет өз орнына ие болды. НИТ ҰАҚ АҚ (AI және цифрлық даму министрлігі) басқаруындағы суперкомпьютер әлемдік ТОП-100-ге кіріп, 86-орын алды, – деді министр.
Ал «Қазақтелеком» АҚ суперкомпьютері 103-орында тұр.
– Бұл есептеу қуаттары енді зерттеу орталықтарына, университеттерге, IT компаниялар мен стартаптарға, сондай-ақ мемлекеттік органдарға ашық әрі қолжетімді болады. Бұл — еліміздің цифрлық егемендігі мен AI-инфрақұрылымының дамуы үшін тарихи қадам, – деді Жаслан Мәдиев.

Еске салайық, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев биыл 9 шілдеде Alemcloud Ұлттық суперкомпьютер орталығында NVIDIA H200 графикалық процессорлары базасында жасақталған суперкомпьютерді іске қосқан болатын.
Жаңа дата-орталықтағы жүйені Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі халықаралық серіктестермен бірге орнатып, пайдалануға берді. Жаңа суперкомпьютер кластері FP8 форматында есептеу әдістемесі бойынша 2 экзафлопсқа дейінгі өнімділікті қамтамасыз ете алады. Есептеу қуаты жағынан Орталық Азия өңіріндегі ең үздігі саналады.
Жанель Жанболатқызы



