
Президенттің тапсырмасымен өртке байланысты Үкіметтік комиссия құрылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен құрылған комиссия құрамына Төтенше жағдайлар, Ішкі істер, Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінің, Түркістан облысы әкімдігінің басшылығы енгізілді.
– Зардап шеккендер мен қаза тапқандардың отбасыларына барлық қажетті медициналық және психологиялық көмек көрсетіледі. Әкімдікке өрт салдарынан қаза тапқандарды жерлеуді ұйымдастыруға жәрдемдесу тапсырылды. Тергеу қорытындысы бойынша қосымша шешімдер қабылданатын болады, – делінген Үкімет хабарламасында.
Сондай-ақ, «Өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзу» бабымен қылмыстық іс қозғалды.
— Қазіргі уақытта болған оқиғаның барлық мән-жайларын анықтауға бағытталған қажетті іс-шаралар жүргізіліп жатыр. Тергеу нәтижесімен процестік шешім қабылданатын болады, — делінген Түркістан облысы Полиция Департаменті таратқан ресми ақпаратта.
Жанель Жанболатқызы



