Кореядан көлік әкелемін деп елді алдаған әйел сотталды

Оңтүстік Кореядан тиімді бағамен көлік әкелемін деп 70 адамды алдаған әйел сотталды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Әйел адам азаматтарға Оңтүстік Кореядан арзан бағамен автокөлікке тапсырыс беруді ұсынған. Жәбірленушілер толық алдын ала төлем жасағаннан кейін, алаяқ оларды жалға беру компанияларынан уақытша алынған көліктермен алдап келгені анықталды.
Бас прокуратураның хабарлауынша, ол жәбірленушіден 4 көлікті жеткізу үшін 14,5 млн теңге алған, әрі ол көліктер ресми түрде тіркелмеген. Ал қылмыстық әрекеттерін жасыру мақсатында көліктердің жалға алу ақысын төлеп тұрған.
Алаяқтық әрекеттерден 70-тен астам адам зардап шекті, жалпы шығын 420 млн теңге болды. Елорда тұрғыны ұрланған ақшаны өзінің жеке мақсаттарына пайдаланған.
Айыпталушы өз кінәсін толық мойындады. Сотпен оған 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Жәбірленушілердің азаматтық талаптары қанағаттандырылды.
Minut.kz



