Тұмау желтоқсанның ортасына дейін өршуі мүмкін
Бүгінгі үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова елдегі эпидемиологиялық ахуал туралы айтты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
— Жыл сайын республикада ЖРВИ-дің 3,5 млн жағдайы және тұмаудың 2 мыңға дейінгі жағдайы тіркеледі. Ағымдағы эпидемиологиялық маусым басынан ЖРВИ-дің 1 461 мың жағдайы тіркелді, 2024 жылдың өткен кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық 20%-ға төмендегені байқалады. Басым бөлігі — 66 пайыздан астамы 14 жасқа дейінгі балалар арасында тіркеліп жатыр. Соңғы аптада республикада вирустық инфекциялардың 183 мың жағдайы тіркеліп, өткен эпидемиологиялық маусымның осындай аптасымен салыстырғанда аурушаңдық 16 пайыз артып отыр, — деді министр Әлназарова.
Министрдің айтуынша, биыл аталған вирустардың таралуы жылдағыдан ерте байқалып отыр. Эпидмаусым басталғалы бері тұмаудың А типінің (H3N2 — Қазақстанда 2001 жылдан бері Гонконг тұмауы деп аталады), зертханалық расталған 587 жағдайы, оның ішінде А (H1N1) типінің 3 жағдайы тіркелді.
— Алдыңғы жылдары тұмау циркуляциясы 43-ші, 51-ші апталарда, жаңа жылға таман өсу байқалса, биыл ерте анықталып, 41 аптада басталды, яғни қазан айының бірінші жартысына сәйкес келіп отыр. Болжам бойынша өсім желтоқсан айының ортасына дейін сақталуы мүмкін, — деді денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.



