Өскеменде ауа сапасын бақылайтын 25 бекет орнатылады
Өскеменде ауа сапасын бақылайтын 25 бекет орнатылатыны жайлы Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов, ҚР Президенті жанындағы орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында айтты – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Соңғы уақытта Өндірісті қала Өскеменнің ауасына қатысты сын көп айтылып жүр. Кей күндері ауа құрамындағы зиянды заттар белгіленген мөлшерден бірнеше есе жоғарылап кететінін де жергілікті халық жақсы біледі. Облыс әкімінің баспасөз мәслихатында бұл сұрақ та қойылып, журналистер нақты жауап алуға тырысты.
— Өскемендегі ауа сапасының жағдайы бәрімізге белгілі. Қаланың географиялық жағынан таулы ойпатта орналасуы мен екі өзеннен тұманның пайда болуы да қолайсыз ауа райының қалыптасуына әсерін тигізуде. Ауа сапасына экологиялық мониторинг жүргізу бағдарламасы аясында экологиялық тәуекелді төмендету үшін 25 бақылау бекеті желісін құру жобасы іске асырылып жатыр. Алдағы уақытта бұл платформа кәсіпорындарда орнатылған тіркеу аспаптарын біріктіру арқылы кеңейтілмек, — деді аймақ басшысы.
Ірі кәсіпорындармен қолайсыз метеорологиялық жағдай кездерінде өзара бірлесе әрекет ету туралы меморандумдарға қол қойылған. Сонымен қатар қалада «Өскемен тынысы» қоршаған ортаны қорғау бюросы жұмыс істеп тұр. Оның құрамында тәжірибелі экологтар, қоғам және мемлекеттік органдардың өкілдері бар.
Жанель Жанболатқызы



