Қазақстан «TRIPP» халықаралық жобасына қатысуды қалайды
Қазақстан «TRIPP» деп аталатын халықаралық жобаға қатысуға қызығып отыр. Бұл жоба — әлем елдері арасында бейбітшілік орнатып, бірлесіп дамуға бағытталған бастама. Яғни, Қазақстан басқа елдермен дос болып, бірге өркендеуге үлес қосуды қалайды.
Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев Армения премьерімен бірге БАҚ өкілдеріне арналған брифингте айтты.
– Оңтүстік Кавказдағы жаңа геосаяси ахуал екіжақты және аймақаралық ынтымақтастықты нығайтуға қолайлы жағдай туғызып отыр. Қазақстан Арменияның көлік-транзит саласындағы «Бейбітшілік қиылысы» бастамасын қолдайды. Сондай-ақ біз «TRIPP халықаралық бейбітшілік пен өркендеу жолы» жобасына қатысуға қызығушылық танытып отырғанымызды растаймыз. Осы стратегиялық дәліздерді Транскаспий халықаралық көлік бағдарымен және Солтүстік-Оңтүстік дәлізімен ұштастыру екі елдің де мүддесіне сай келеді, – деді Президент.
Мемлекет басшысы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілгенін де хабарлады.
– Мен Әзербайжан басшысына санкцияларды алып тастап, өз елі арқылы екіжақты тікелей сауда жүргізу туралы шешім қабылдағаны үшін ризашылығымды білдірдім. Мысалы, биылғы қараша айында Әзербайжан аумағы арқылы Арменияға Қазақстан бидайының алғашқы 1 мың тоннасы жеткізілді. Бұл бастаманың саяси және экономикалық мән-маңызы айрықша. Біз Арменияға жоғары сапалы астық өнімдерін және басқа да тауарларды тұрақты түрде жеткізуге дайынбыз. Осы бағыттағы жұмысқа күш-жігерімізді жұмылдыруға уағдаластық. Екі ел арасында тікелей әуе рейсін ашу және әуемен жүк тасымалдау жұмысын ретке келтіру – маңызды міндеттің бірі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Minut.kz



