Қоғам

Қазақстанда жыл сайын 4,5 млн тонна тұрмыстық қалдық түзіледі

Қазақстанда қалдықтың барлық түрлерін басқарудың 2026-2030 жылдарға арналған тұжырымдамасы әзірленді. Бұл туралы бүгінгі үкімет отырысында айтылды.

Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі. Ол қалдықтарды дұрыс басқару – өңіріміздің экологиясы мен халықтың өмір сапасына тікелей әсер ететін маңызды мәселе екенін атап өтті. Экономиканың өсуі, құрылыс көлемінің артуы және тұтынудың өзгеруі барлық санаттағы қалдықтардың көбеюіне алып келді.

Негізгі үлес өнеркәсіптік қалдықтарға тиесілі: жыл сайын жүздеген миллион тонна жердің беткі жыныстары мен техногендік минералдар жиналады. Кәсіпорындарда қалдықтарды қайта өңдеуге ынталандыратын немесе міндеттейтін механизмдер жоқ, сол себепті қалдықтар жылдар бойы жиналып, экологиялық қауіп тудырып жатыр.

Коммуналдық секторда жыл сайын шамамен 4,5 млн тонна қатты тұрмыстық қалдық түзіледі, алайда оның тек 25–26%-і ғана қайта өңделеді. Қалдықтың басым бөлігі экологиялық және санитарлық талаптарға сай келмейтін полигондарға жіберіледі.

Тағам қалдықтары әр аймаққа байланысты тұрмыстық қалдық массасының 30-40%-ін құрайды, бірақ оларды өңдеуге арналған инфрақұрылым іс жүзінде жоқ.

Құрылыс қалдықтары заң бойынша көмуге болмайтынына қарамастан, әлі де полигондарға түсіп, немесе стихиялық қоқыс санын көбейтіп жатыр.

Осылайша, қалдықтарды басқару саласы өзара байланысты экологиялық, экономикалық және институционалдық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Осы орайда барлық мүдделі тараптарды тарта отырып, жинақталған проблемаларды жүйелі шешуге бағытталған Қалдықтардың барлық түрлерін басқару жөніндегі тұжырымдама әзірленді, —  деді еліміздің экология және табиғи ресурстар вице-министрі Жомарт Әлиев.

Жанель Жанболатқызы

Басқа жаңалықтар

Back to top button