Өскеменде 1000-ға жуық шетелдік көші-қон заңын бұзған
40 адам қос елдің азаматтығымен жүрген

Өскеменде көші-қон заңнамасын бұзғаны үшін мыңға жуық шетелдік азамат әкімшілік жауапқа тартылды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Заң бұзған шетелдіктер жұмыс істеп, ақша табу мақсатында шекарадан өткен. Алайда бәрі бірдей заң талаптарын орындамайтыны анықталып жатыр. Әкімшілік жауапқа 918 шетелдік тартылған. Олардың кейбіреулеріне 25 АЕК көлемінде айыппұл салынып, кейбіреулері 15 тәулікке дейін қамалған. Ал 49 адам сот шешімімен өз елдеріне мәжбүрлі түрде қайтарылды.

Бұдан өзге қалада 40 адам қос елдің азаматтығымен жүргені белгілі болып, оларға да заң аясында шара қолданылды.
Өкінішке қарай, біздің елдің азаматтары да көші-қон заңын көп елей бермейтін сыңайлы. Шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды қабылдау кезінде заң бұзғаны үшін 589 жеке және заңды тұлға тергеуге алынды. Құзырлы органнан қажетті рұхсат алмай өзге елдің азаматтарын жұмысқа алғаны үшін тағы 66 жерлесімізге айып тағылды.

Қала тұрғындары шетелдік еңбек күшін өзіне әкеліп заңдастыру барысында құзырлы органдарға уақытында жүгінбейді. Көрсетілген уақытта тіркеулерін ары қарай созбайды. Шетелдік азаматтың Қазақстанда болу уақыты аяқталған соң, оларды шекарадан дер кезінде шығармай қояды. Көбінесе осы секілді құқық бұзушылық әрекеттерін жасайды – дейді, Өскемен қаласы полиция басқармасы көші-қон полициясы бөлімінің бастығы Руслан Хасенов.
Minut.kz



