Өскеменде 3 жаңа мәдени-спорттық нысан салынады
Бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскеменде салынатын бірқатар нысанның жобаларымен танысып, жер учаскелерін аралады. Ең әуелі әмбебап спорт аренасы бой көтеретін Сәтбаев даңғылындағы «ЛИК» тұрғын үй кешені аумағына барды – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.

Төртқабатты ғимараттың бірінші қабатында 5 мың көрермен сыятын шағын футбол аренасы, бассейн, көркем гимнастика залы, дәмхана, медицина орталығы, ал үшінші қабатта баскетбол, волейбол залдары орналасады. Аталған жоба өңірде бұқаралық спортты дамытуға және түрлі жарыстарды жоғары деңгейде өткізуге мүмкіндік бермек.

Екінші нысан Конгресс-холл Есенберлин даңғылында бой көтереді. Жалпы сыйымдылығы 1500 орындық екі концерттік залы бар жаңа орталық 3 қабат. Онда концерттер, форумдар, фестивальдер мен білім саласына қатысты шаралар өткізіледі. Тәуелсіздік монументінің жанында орналасқан жер учаскесінің аумағы — 4 гектар.

Бұдан бөлек, дәл сол аумақта 500 орындық Мұз сарайы салынады. Ол тарихы тереңде жатқан шығысқазақстандық хоккейді, коньки спортын, мәнерлеп сырғанауды дамыта түсуге жағдай жасайды.

Нұрымбет Сақтағанов бұл үш ірі жобаның Шығыс Қазақстан облысының орталығында қалыптасып келе жатқан жаңа спорттық-мәдени кеңістіктің негізін құрайтынын атап өтті.
Жанель Жанболатқызы



