Басты жаңалықЭкономика
Қазақстанның ІЖӨ көлемі 300 млрд доллардан аспақ
Еліміздің ішкі жалпы өнімі алғаш рет 300 миллиард доллардан аспақ – деп хабарлайды Minut.kz тілшісі.
Бұл жайында Президент «Алтын сапа» және «Парыз» сыйлығының лауреаттарын марапаттау рәсімінде айтты.
Заңсыз активтерді қайтару комитетінің қызметі аяқталуға жақын. Жыл аяғында оның атауы мен қызметі өзгереді. Енді олар инвесторлардың құқығын қорғайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев бұдан өзге бірқатар мәселеге де тоқталды:
- Үкімет дайын өнім экспортын арттыру ісімен белсенді түрде айналысуы қажет.
- Тауарын шетелге өткізетін кәсіпорындар саны 3 есе көбейді. Соның арқасында бүгінде өнімдеріміз 140 мемлекетке шығарылады. Осы орайда, шағын және орта бизнестің рөлі айрықша екені сөзсіз.
- Қазақстан жағдайында цифрландыру мен жасанды интеллектіні енгізу ішкі жалпы өнімге 14 миллиард доллардан 20 миллиард долларға дейін кіріс әкелуі мүмкін. Осындай болжам бар. Бірақ шын мәнінде қалай боларын өмір көрсетеді.
- Алдымызда бизнес бетпе-бет келетін әкімшілік кедергілерді азайту міндеті тұр.
- Сотта қаралған істердің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің пайдасына шешілуде.
- Биыл «Бәйтерек» холдингі арқылы шағын және орта бизнесті қолдау көлемі шамамен екі триллион теңгеге жетті.
- Шағын бизнесті қолдаудың бірыңғай бағдарламасын жедел қабылдау қажет.
- Импорт өте көп. Ол көзге анық көрініп тұр. Бірқатар тауар номенклатурасы бойынша сырттан келетін өнімге тым тәуелдіміз. Қазақстанда бұған жол беруге болмайды.
- «Парыз» байқауына қатысушылар түрлі қайырымдылық шараларға 37 миллиард теңгеден астам қаржы салған. Бұл отандық бизнестің қоғам игілігі үшін аянбай адал қызмет етуге дайын екендігін көрсетеді.
- Бас Прокуратураның Заңсыз активтерді қайтару жөніндегі комитеті жыл соңына дейін Инвесторлардың құқығын қорғау жөніндегі комитет болып өзгереді.
- Жаһандық инвестиция биыл екінші жыл қатарынан құлдырап барады. Мұның негізгі себебі – үдей түскен геосаяси шиеленіс пен халықаралық жеткізу тізбегінің үзілуі. Сондықтан біз еліміздегі іскерлік ортаны жақсартуымыз керек. Бұл – Үкіметтің алдында тұрған маңызы айрықша мақсат.
- Ауыл-аймақтардан ақылға қонымды өтініштер мен ұсыныстар жиі түседі. Мәселен, қой мен ірі қара терісін өңдейтін кәсіпорын ашу туралы бастаманы айтуға болады. Неге екенін қайдам, қанша жыл өтсе де осы шаруаны Үкімет те, бизнес те қолға алмаған.
- Қазақстанда креативті индустрияны өркендетуге айтарлықтай әлеует бар. Біздің жастарымыз өте шығармашыл, олардың мінезі де, менталитеті де соған сай келеді. Алайда еліміздің ішкі жалпы өніміндегі бұл сектордың үлесі 1 пайыз ғана.
Minut.kz



